АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 378-ракеткасы Жібек Құламбаева Буэнос-Айрес (Аргентина) WTA 125 турнирінің іріктеу сайысын сәтті аяқтады.
Қазақстандық спортшы іріктеу сайысының финалында аргентиналық Гуаделупе Рондинониді бұйым құрлы көрмеді.
Екі сет те айқын басымдылықпен аяқталды – 6:1, 6:0.
Небәрі 45 минутқа созылған бәсекеде Жібек эйс жасамағанымен, 7 брейк-пойнттың алтауын өз есебіне жазды.
Осылайша, негізгі жарысқа жолдама алған Жібек Құламбаеваның келесі қарсыласы кейін анықталады.
Бұған дейін Ж.Құламбаева жұптық сында словениялық Вероника Эрьявецпен бірге Колумбияның Сопо және Чилидің Колина қаласында WTA 125 додаларында үздік шыққан еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Чилидегі жарыста топ жарғанын жазған едік.
Сондай-ақ Дмитрий Попко Түркиядағы турнирдің чемпионы атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).