Жібек Құламбаева Болгариядағы турнирде қарсыласын камбэкпен ұтты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасының мүшесі, әлемнің 479-ракеткасы Жібек Құламбаева Хасково (Болгария) ITF W50 турнирін жеңіспен бастады.

Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 399-ыншы, осы жарыстың 6-ракеткасы, финляндиялық Лаура Хиетарантаға тап келді.

Бірінші партия 6:4 есебімен финляндиялық теннисшінің есебіне жазылды. Дегенмен Жібек 2 сағат 58 минутқа созылған тартысты бәсекеде камбэк жасай білді – 6:2, 6:1.

Жібек Құламбаева ширек финалға шығу үшін рейтингіде 821-орындағы ресейлік Валерия Артемьевамен таласады.

Ж.Құламбаева сонымен қатар украиналық Валерия Страховамен бірге жұптық сында да өнер көрсетеді. Олар ертең болгариялықтар Лидия Енчева – Денислава Глушковамен ойнайды.

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Анна Данилинаның Берлин (Германия) WTA 500 турнирінде сәтсіздікке ұшырады.

Сербиялық Александра Круничпен бірге бірінші ракетка болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда америкалық Эйжа Мухаммад – мажарстандық Фанни Столларға есе жіберді – 6:3, 6:7 (6:8), 6:10.

Қазақстанның ерлер арасында бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Александр Бубликтің Галле АТР 500 додасындағы бастапқы матчы сенсациямен аяқталды. Ол рейтингіде 74-сатыдағы италиялық Маттиа Белуччиге жол берді – 6:7 (6:8), 1:6.

Осылайша, қазақстандық теннисші өткен жылғы чемпиондық атағын қорғай алмады әрі 400 рейтингілік ұпайынан айырылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Лэйвер кубогында Александр Бубликтің алғаш рет әлем командасында өнер көрсететінін жазған едік.