Жібек Құламбаева Болгариядағы жарыстың финалына жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Жібек Құламбаева жұптық сында Хасково (Болгария) ITF W50 турнирінің финалына шықты.

Фото: ҚТФ

Украиналық Валерия Страховамен бірге жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда болгариялықтар Ралица Александрова - Валерия Гарневскамен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда қазақстандық-украиналық жұп 5:1 есебімен алға кетті. Сол басымдылығынан айырыла қойған жоқ – 6:2.

Екінші сетте Құламбаева мен Страхова тағы да 4:1 есебімен алға шыққанымен, болгариялық жұп таразы басын теңестірді – 4:4. Дегенмен Жібек пен Валерия тағы бір брейкке қол жеткізіп, матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4.

Бәсеке сағат жарымға жуық уақытқа созылды.

Жібек Құламбаева мен Валерия Страхова финалда грекиялық Марта Матула - америкалық Хиба Шайхпен бас жүлдеге таласады.

Бүгін Ж.Құламбаева жекелей сындағы кездесуін де өткізді. Ширек финалда Жібек әлемнің 244-інші, осы доданың бірінші ракеткасы, франциялық Селена Яничиевчке есе жіберді – 3:6, 3:6. Бұл тартысты ойын 1 сағат 44 минутта аяқталды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Соня Жиенбаеваның Қытайдағы турнирде чемпиондық атаққа таласатынын жазған едік.