АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Гамбург (Германия) WTA 250 турнирін жеңіспен бастады.
Жібек латвиялық Дарья Семенистаямен бірге алғашқы айналымда германиялықтар Тамара Корпач — Нома Ноа-Акугуэнің мысын басты.
Қос сет те 6:3 есебімен қазақстандық-латвиялық жұптың пайдасына шешілді.
Бір сағат 17 минутқа созылған бәсекеде Құламбаева — Семенистая эйс жасамағанымен, 12 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды.
Германиялықтар 1 эйс, 2 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.
Жібек Құламбаева — Дарья Семенистая жартылай финалға шығу үшін жарыстың 2-ракеткалары, чехиялықтар Джесика Малечкова — Мириам Скохпен таласады.
Ж.Құламбаева бұған дейін армениялық Алина Чараевамен бірге Яссы (Румыния) WTA 250 жарысының финалына дейін жеткен еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Аустриядағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).