АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Жібек Құламбаева жұптық сында Маспаломас (Испания, Гран-Канария аралы) ITF W100 турнирінің финалына өтті.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші чехиялық Анна Шишковамен бірге жартылай финалда португалиялықтар Франциска Жорже — Матильда Жоржемен бетпе-бет келді.
Тартысты өткен екі сет те тай-брейкпен аяқталып, қазақстандық-чехиялық жұптың пайдасына шешілді — 7:6 (7:5), 7:6 (7:3).
Бәсеке 2 сағат 8 минутқа созылды.
Жібек Құламбаева — Анна Шишкова финалда доданың 3-ракеткалары, швециялық Лиза Заар — чехиялық Доминика Салковамен чемпиондық атақ үшін таласады.
Осылайша, Ж.Құламбаева үш апта бойы жұптық сында ірі жарыстарда сәтті ойнап келеді.
Тағы бір қазақстандық Соня Жиенбаева Дублин (Ирландия) ITF W50 турнирінде нидерландылық Стефани Виссхермен бірге жартылай финалда ұлыбританиялықтар Элла Макдональд — Амелия Раецкиден ұтылып қалды — 5:7, 3:6. Сөйтіп қазақстандық-нидерландылық жұп финалдан тыс қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Испаниядағы жарыстың жартылай финалында ойнайтынын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).