Жібек Құламбаева Қытайдағы жарыстың финалына бір қадам жетпей тоқтады

АСТАНА. KAZINFORM — Теннистен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Жібек Құламбаева жұптық сында Гуанчжоу (Қытай) WTA 250 турнирінің финалына шыға алмады.

Фото: Қазақстан теннис федерациясы


Қазақстандық теннисші нидерландылық Изабель Ховерлагпен бірге жартылай финалда Қытайлық Тайбэй өкілдері И-Хсуань Чо — Йи Цен Чоға тап болды.

Бірінші партияда тайбэйлік жұп 6:3 есебімен басым түсті. Олар екінші сетте де еш мүмкіндік қалдырмады — 6:1.
Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған бәсекеде Жібек пен Изабель 1 эйспен шектелді. Тайбэйлік дуэт 6 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана білді.

Дегенмен Ж.Құламбаева мен И.Ховерлаг үшін бұл дода табысты болды деуге негіз бар. Олар ширек финалда жарыстың 1-ракеткалары, ресейлік Мария Козырева — ұлыбританиялық Майя Лумсденді жолдан тайдырды. 

Жібек Құламбаева жартылай финалға дейін жетуінің нәтижесінде жұптық сында әлемдік рейтингіде спорттық жолында алғаш рет ТОП-100-ге кіріп, қазіргі кезде 96-орынға көтеріліп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Токио турнирінде Путинцеваны жеңген Рыбакинаның ширек финалға шыққанын жазған едік. 

Сондай-ақ Елена Рыбакина жылды әлемнің бірінші ракеткасы ретінде аяқтайтыны өзі үшін үлкен қуаныш екендігін айтты. 

Елена Рыбакина жарақатына байланысты Токио турнирінің жартылай финалынан тыс қалды.