Қазақстандық спортшы мажарстандық Амарисса Тотпен бірге жарым фавориті саналмаса да, финалға іркілмей жетті.
Құламбаева – Тот соңғы бәсекеде Польша өкілі Вероника Фальковска (Польша) – испаниялық Хеорхина Гарсия Переспен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Бірінші партияда қазақстандық-мажарстандық жұп 4:1 есебімен алға шығып, сол басымдылығынан айырылған жоқ – 6:3.
Екінші сетте Жібек пен Амарисса есепті 4:2-ге жеткізгенімен, қарсыластары таразы басын теңестіре білді – 4:4. Сосын өз есептеріне жазды – 7:5.
Супер тай-брейкте жеңіс Фальковска – Гарсиа Перестің еншісінде кетті – 11:9.
Тартысты бәсеке екі сағатқа жуық уақытқа созылды.
Осылайша, Ж.Құламбаева жұптық сында соңғы екі жарыста финалға дейін жетті. Бір апта бұрын Жібек украиналық Валерия Страховамен бірге Болгариядағы осындай додада жеңімпаз атанған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Польшадағы турнирдің финалына шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ қазақстандық теннисшілер үшін Уимблдон турнирі биыл сәтті бола ма, ол да хабарланды.