АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Лозада (Португалия) ITF W35 турнирінің финалына өтті.
Қазақстандық теннисші беларусьтік Юлия Хатукамен бірге жартылай финалда испаниялық Андреа Лазаро Гарсия — франциялық Ясмин Мансуримен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда қазақстандық-беларусьтық жұп 7:5 есебімен басым түсті. Олар екінші сетте қос брейкке қол жеткізіп, матчты жеңіспен тәмамдады – 6:2.
Бір сағат 17 минутқа созылған бәсеке барысында Құламбаева – Хатука 5 брейкпен көзге түсті. Испаниялық-франциялық дуэт 2 брейктен аса алмады.
Жібек Құламбаева – Юлия Хатуканың финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Португалиядағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).