Жібек Құламбаева Румыниядағы турнирдің іріктеу сайысын жеңіспен бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 457-ракеткасы Жібек Құламбаева Яссы (Румыния) WTA 250 турнирі іріктеу сайысының финалына шықты.

Фото: ktf.kz

Қазақстандық теннисші іріктеу сайысының жартылай финалында әлемнің 295-ракеткасы, швециялық Лиза Заарға тап келді.

Қарсыласының фаворит болғанына қарамастан, Жібек қос партияда таразы басын өзіне аудара білді – 7:6 (7:4), 6:3.

Екі сағат 4 минутқа созылған тартысты бәсекеде Ж.Құламбаева эйс жасамағанымен, 6 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Заар 4 брейктен (10 брейк-пойнт) аса алмады.

Жібек Құламбаева іріктеу сайысының финалында әлемнің 143-ракеткасы, испаниялық Лейре Ромеро-Гормазбен шеберлік байқасады. Оны жеңсе, негізгі жарысқа өтеді.

Аталмыш додада Қазақстанның екінші, әлемнің 84-ракеткасы Юлия Путинцева бақ сынайды. Ол 13 шілде күні алғашқы айналымда рейтингіде 702-сатыдағы франциялық Клара Бюрельмен ойнайды.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 664-ракеткасы Аружан Сағындықова Астана ITF W15 турнирінің финалында рейтингіде 488-орындағы ресейлік Екатерина Маклаковадан жеңіліп қалды – 0:6, 1:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Швейцариядағы турнирде қарсыласын бір сағатта тізе бүктіргенін жазған едік.