Жібек Құламбаева Үндістандағы турнирде жұптық сында чемпиондық атаққа таласады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Нагпур (Үндістан) ITF W15 турнирінің финалына жолдама алды.

Фото: ҚТФ

Жарыстың 1-ракеткалары Жібек Құламбаева мен ресейлік Екатерина Яшина жартылай финалда үндістандықтар Соха Садик – Мадхурима Саванттың мысын басты.

Қазақстандық-ресейлік жұп 7:6 (7:4), 6:3 есебімен басым түсті.

Матч сағат жарым уақытта аяқталды.

Жібек Құламбаева – Екатерина Яшина финалда доданың 2-ракеткалары, ресейліктер Ксения Ласкутова – Элина Неплиймен бас жүлдені сарапқа салады. Бұл жұп жартылай финалда нидерландылық Мелисса Бойден – германиялық Анастасия Купаревті қапы қалдырды – 6:4, 6:3.

Осылайша, Ж.Құламбаева бір күнде екі матчта жеңіске жетті. Мұның алдында ол жекелей сында қарсыласын ұтып, жартылай финалға шыққан еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Үндістандағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған едік.