МУМБАЙ. KAZINFORM — Қазақстандық Жібек Құламбаева жұптық сында Мумбай (Үндістан) челленджер турнирінің ширек финалына шықты.
Қазақстандық теннисші оңтүстіккореялық Со Хен Пакпен бірге бастапқы кездесуін жарыстың 1-ракеткалары, италиялықтар Ангелика Морателли — Камилла Розателломен өткізді.
Қазақстандық-оңтүстіккореялық жұп бірінші партияда тай-брейкте басымдылық танытты — 7:6 (7:4).
Екінші сет жеңілдеу тиді — 6:2.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Құламбаева — Пак 11 брейк-пойнттың бесеуін құр жіберген жоқ.
Италиялық дуэтке 1 эйс, 3 брейк (7 брейк-пойнт) жеткіліксіз болды.
Ж.Құламбаева жекелей сында іріктеу сайыстарында осы К.Розателлоға есе жіберген еді — 6:4, 4:6, 3:6.
Жібек Құламбаева — Со Хен Пактың ширек финалдағы қарсыластары кейін белгілі болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Әбу-Дабиде «Үлкен дулыға» турнирінің төрт мәрте чемпионымен кездесуі мүмкін екенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Бублик әлемдік рейтингіде рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).