Жібек Құламбаева жұптық сында Болгариядағы турнирдің жартылай финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасының мүшесі Жібек Құламбаева жұптық сында Хасково (Болгария) ITF W50 турнирінің жартылай финалына жолдама алды.

Фото: ҚТФ

Украиналық Валерия Страховамен бірге доданың бірінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алдымен болгариялықтар Лидия Енчева - Денислава Глушковадан айласын асырды – 6:2, 4:6, 10:5.

Бүгін қазақстандық-украиналық жұп тағы бір тартысты матч өткізді. Бұл жолы олар болгариялықтар Росица Денчева - Йоана Константиноваға тап келді.

Бірінші партияда тай-брейкте Құламбаева - Страхова табандылық танытты – 7:6 (7:4). Екіншісінде жергілікті спортшылар есе қайырды – 6:4. Супер тай-брейкте Жібек пен Валерия бет қаратпады – 10:2.

Бәсеке 1 сағат 56 минутта аяқталды.

Жібек Құламбаева мен Валерия Страхова финалға шығу үшін тағы да болгариялықтар Ралица Александрова - Валерия Гарневскамен таласады.

Осылайша, қазақстандық теннисші бір күнде екі ойынын жеңіспен түйіндеді. Мұның алдында ол жекелей сында қарсыласын қапы қалдырып, ширек финалға өткен еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Болгариядағы жарыстың ширек финалына өткенін жазған едік.

Сондай-ақ Григорий Ломакин Қытайдағы жарыстың жартылай финалында ойнайды.