Қазақстандық теннисші аргентиналық Николь Фосса Уэргомен бірге алғашқы айналымда франциялық Кароль Монне – үндістандық Пратана Томбаренің мысын басты.
Бірінші партияда қазақстандық-аргентиналық жұп 6:3 есебімен басымдылық танытты.
Екіншісінде франциялық-үндістандық дуэт қарымта қайырды – 7:5.
Супер тай-брейкті Жібек пен Николь сәтті түйіндей білді – 10:5.
Бір сағат 45 минутқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық-аргентиналық жұп 1 эйспен бірге 16 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Монне – Томбаре 5 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.
Жібек Құламбаева – Николь Фосса Уэрго жартылай финалға шығу үшін жарыстың 2-ракеткалары, франциялық Эстель Кашино – қытайлық Шуо Фэнмен таласады.
Жібек кеше жекелей сында іріктеу сайысында дәл осы Фосса Уэргоны 6:1, 6:4 есебімен жеңіп, негізгі жарысқа жолдама алған еді.
Бүгін Ж.Құламбаева алғашқы айналымда әлемнің 211-ракеткасы, германиялық Анна-Лена Фридзамға жол берді – 1:6, 4:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Рим турнирінде Елена Рыбакинаның әлемнің экс 1-ракеткасын ұтып, ширек финалға шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Анна Данилина Рим турнирінің ширек финалына жолдама алды.