Жібек армениялық Алина Чараевамен бірге алғашқы айналымда жарыстың 4-ракеткалары, ресейліктер Мария Козырева — Елена Приданкинадан айласын асырды.
Бірінші партияда қазақстандық-армениялық жұп 6:3 есебімен басым түсті. Екінші сетте ресейліктер есе қайырды — 6:4.
Супер тай-брейкте Құламбаева — Чараева жеңісті жұлып алды — 10:8.
Бір сағат 45 минутқа созылған бәсекеде қазақстандық-армениялық дуэт 13 брейк-пойнттың тек үшеуін пайдаланды. Ресейлік жұп та 3 брейкпен (5 брейк-пойнт) жауап қайырды.
Жібек Құламбаева — Алина Чараева жартылай финалға шығу үшін ресейлік Алевтина Ибрагимова — испаниялық Георгина Гарсия-Перестен өтуге тырысып көреді.
Бүгін А.Чараева жекелей сында тағы бір қазақстандық Юлия Путинцевадан ұтылып қалған болатын. Ал Жібек жекелей сында іріктеу сайысынан өте алмаған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Румыниядағы турнирдің ширек финалына өткенін жазған едік.