Жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан күдікті жазасыз қалмайды — ІІМ
АСТАНА. KAZINFORM — Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін ұрған күдікті жазаға тартылады. Бұл туралы Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінде өткен жиында Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлім етті.
«Аталған оқиға бойынша іс қозғалды. Осы бап арқылы ол әкімшілік тіпті, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, яғни бас бостандығынан айырылуы ықтимал», — деді Игорь Лепеха.
Еске салсақ, 27 қаңтарда ер азамат шақыруға келген дәрігерлер бригадасының жүргізушісімен сөзге келіп қалған. Содан соң ашуланып, жұдырық ала жүгірген.
Бұл дауға ер адамның аула жолымен өте алмағаны себеп болған.
1 ақпан күні Қарағанды облысында жедел жәрдем жүргізушісін ұрған ер адам ұсталды.
Депутат жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан күдіктіні тез арада табуды талап етті.