Жеке наубайхана ашқым келеді – ақтөбелік жас кондитер

АСТАНА. KAZINFORM – Диас Атыраубаев Ақтөбе серфис колледжінің түлегі. Ол WorldSkills Kazakhstan 2024 республикалық чемпионатында кондитерлік іс дағдысы бойынша бағын сынады.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

«WorldSkills чемпионатына екінші рет қатыстым. 2022 жылы облыстық чемпионаттан І орын иеленіп, республикалық жарысқа қатыстым, бірақ медальға бір балл жетпей қалды. Биыл жақсылап дайындалып, тағы қатыстым, нәтижесін бүгін білетін боламыз», - деді Диас Атыраубаев WorldSkills Kazakhstan 2024 республикалық чемпионаты жеңімпаздарын марапаттау шарасында.

Аспаздарға алты түрлі кондитерлік өнім пісіру тапсырмасы берілген, ол круассан, түрлі түсті курассан, канноли, француз багеті, бомболони тоқашы және қарақұмықтан нан пісіру.

«Кондитерлік іс дағдысы бойынша республикалық жарысқа 19 өңірден қатысушылар келді. Өзім Ақтөбеде дәмханада кондитерлік өнімдер пісіретін маман болып жұмыс істеймін. Сонымен қатар круассан пісіру бойынша шеберлік сабақтарын өткіземін. Арманым жеке наубайханамды ашу, алдымен Ақтөбеде ашсам, одан әрі басқа да қалаларда филиалдарын ашсам деген мақсат бар», - дейді жас аспаз.

Бүгін елордада колледж стунденттеріне арналған «WorldSkills Kazakhstan 2024» республикалық чемпионатының жеңімпаздары марапатталды.

Биыл WorldSkills Kazakhstan ұлттық чемпионаты алаңдарында 555 қатысушы электроника, өнеркәсіптік автоматика, мехатроника, инженерлік графика, кондитерлік іс, электр монтаждау жұмыстары, дәнекерлеу технологиялары, веб-технологиялар және бизнеске арналған IT-шешімдер, сән технологиялары сияқты 30 құзырет бойынша өз дағдыларын көрсетті.