Жекенің қолындағы бомбапаналардың жай-күйі қалай

Фото: Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Адамдар табиғи және техногенді апаттарда қай жерлерді паналай алады? Жертөлеге қалай кіреді және бомбапаналар кімдерге арналған? Олардың техникалық жағдайы жарамды ма? Kazinform тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеді.

40 жыл бойы суы тартылмады — компания өкілі

Ақтөбеде азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстары, яғни, бомбапананың жай-күйін ашық айтқан компания — «Жаңа Әлжан диірмен комбинаты» ЖШС. 2018 жылы басшысы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасына барып, тізімнен алып тастауды сұрады.

Бұл әзірге өңірде, бәлкім елімізде проблеманы көрсеткен жалғыз кәсіпорын болуы мүмкін. Себебі кәсіпкерлер, жергілікті атқарушы органдар бұл сұрақтан қашқақтайды, тартыншақтайды.

Kazinform агенттігі диірменге барып, бомбапананы көрді. Бұл жер шынымен де суға толып тұр. Су сору жұмыстарын жүргізсе де деңгейі ортаймаған.

— Төтенше жағдайлар қызметі, жергілікті әкімдік жанындағы азаматтық қорғаныс жыл сайын, кейде екі жылда бір рет келіп, комиссия мүшелерімен бірге қарайды, фотоға түсіреді де кетеді. Көнені тізімнен алу үшін жаңасын салу керек деп талап қойды. Бұл қаржыға келіп тірелетін мәселе. Бомбапананың жағдайы жасырын емес, іші суға толып тұр. Суын бір деңгейде ұстап тұруға тырысамыз. Егер көтерілсе, ғимараттың жертөлесін алып кетеді. Су күздің жаңбырында, көктемде қар ерігенде, жаздың жаңбырлы күні көтеріледі. Сол кезде насос қосып, су сорамыз. Ал жазда суын тал, гүл суаруға пайдаланамыз, — дейді «Жаңа Әлжан диірмен комбинаты» ЖШС бас инженері Ермек Кенжебаев.

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Кәсіпорын құрылысы 1979 жылы жобаланып, салынды. Ал 1984 жылы диірмен іске қосылды.

Дәл сол жылы қала іргесіндегі Елек өзені бөгеліп, сыйымдылығы 245 млн текше метр болатын «Ақтөбе» су қоймасы салынады.

Комбинаттағы бомбапананың іші де сол жылы суға толып, қайтпай қойды. 

— Егер су қоймасы бірінші салынып, комбинат кейін жоспарланса, бәрі басқаша болуы мүмкін еді. Іске келгенде бірінші комбинат салынды. Бұл жерде шамамен 2 метр тереңдіктен су шығады, — дейді ол. 

2019 жылы Ақтөбе қалалық ТЖБ азаматтық қорғаныс бөлімі комбинатты сотқа берді. Іс Ақтөбе қалалық әкімшілік мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.

Сот кабинетіндегі материалға сүйенсек, Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 462 бабы 3 бөлімімен іс қаралған.

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Онда әкімшілік ғимарат жертөлесінде орналасқан бомбапананың іске қосылғаннан бері жарамсыз екені, құрылыстағы техникалық қателіктің кесірінен осындай күйге түскені жазылған. Яғни бұл жерді жұмысшылар паналай алмайды, табалдырықтан әрі аттау мүмкін емес.

Төтенше жағдайлар қызметі жаңасын салмай, ескісін тізімнен шығармайтынын сотта айтқан.

Олар ҚР Азаматтық қорғау туралы заңның 16-бабы 2-бөлігі 1-тармағына сүйенді. Сонымен бірге заңның 37 бабы 1 тармағын алға тартып, ЖШС мен әкімдік арасындағы келісімшартты көрсетті.

Онда алда-жалда қандай да бір оқыс оқиға болса, бұл жер жұмысшыларға пана бола алатын орын болуы тиіс. Алайда бомбапана құрылыс аяқталғаннан бергі 40 жыл бойы суда тұр. 

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

2019 жылы 200 АЕК көлемінде, яғни, 505 мың теңге айыппұл салынды. 

— Тәуелсіз сарапшылар техникалық қорытынды шығарды. Онда азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстары, яғни, бомбапана жарамсыз екені көрсетілген. Сол құжат негізінде Ақтөбе қалалық ТЖБ-на өтініш жолданды. Сол өтініш кейін Төтенше жағдайлар министрлігіне жіберілді. Алдымен тізімнен алып тастау үшін өзгесін салу қажет деп айтты. Ал 2022 жылы көрші елдердегі жағдай ушығып, сұранысты мүлде қараусыз қалдырды. Сұрақ сол күйі жауапсыз тұр. Ал бомбапана жарамсыз, — дейді Ермек Кенжебаев. 

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Қазіргі кезде диірмен комбинатының әкімшілік ғимаратында қабырғалар сөгіле бастаған.

Бомбапана әрі қарай да суда тұрса, ғимарат құлауы мүмкін. Егер тізімнен шығарылса, компания ішіп сазға толтырып, су көтірілмейтіндей нығыздап тастамақшы.

Бомбапана саны мен орналасқан жері құпия — әкімдік

Жергілікті әкімдіктерде азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарының тізімі болады. Аумағында бомбапана бар мекеме мен әкімдік келісімшарт жасайды.

Бірі орын дайындауы тиіс, екіншісі сол орынды есептеп, қажет кезде пайдалана алады. Алайда бұл құпия ақпарат болып шықты. 

— Ақтөбе қаласында азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстары орналасқан. Бірақ олардың саны мен орналасқан орындары туралы ақпарат құпия сақталады, жариялауға жатпайды. Қорғаныш құрылыстары қай жерде орналасса, сол мекеме күтіп ұстауға жауапты. Ал Ақтөбе қаласының төтенше жағдайлар басқармасы мен қала әкімі аппаратының әскери жұмылдыру қызметі, азаматтық қорғаныс бөлімінің мамандары комиссия құрып, жыл сайып барып тексеріп тұрады, — деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова.

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Тұрғындар жертөле мен паркингті, жұмысшылар бомбапананы паналайды — ТЖБ

Кез келген табиғи және техногенді апат кезінде адамдарға пана болатын жер болуы тиіс. Тұрғындар көшіріледі немесе тұрғын үйлердің (балабақша, мектеп, аурухана, қонақүй, суда орындары мен демалыс орындары, спорт кешендері, теміржол, автовокзалдар мен әуежайлар, мәдениет үйі — ред.) жертөлесі мен паркингті паналайды.

Егер жертөлелер кәсіпкерлердің иелігінде болса, оны 12 сағатта босатып, дайындыққа келтіру қажет. Ал өмірлік маңызы бар зауыт-фабрикалар, түрлі коммуналдық қызметтердің жұмысшылары сол кәсіпорын территориясындағы бомбапаналарды сағалайды.

Сол үшін де төтенше жағдайлар қызметі азаматтық қорғаныс бөлімдерімен бірге тексеріп, әкімшілік хаттама толтырады. 

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

— Кемшіліктер анықталған жағдайда жою туралы нұсқама беріледі. Нұсқаманы орындау мерзімі нақты мүмкіндікке қарай айқындалады. Қосымша уақыт немесе қаржы қажет болған жағдайда ұйым нұсқама табыс етілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей бұзушылықтарды жою мерзімін ұзарту туралы өтініш жазады. Онда объективті себептерін баяндауға міндетті. Бақылау немесе тексеру жүргізген орган өтінішті алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мерзімді ұзарту немесе уәжді негіздемені ұзартудан бас тарту туралы шешім қабылдайды, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Бұл — шешімін табу қиын бомбапаналарға қатысты заңды жол. Ал егер бомбапана апатты деп танылмаса, қолдануға мүлде келмейтін күйде болмаса, айыппұл салынады. 

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

— Нұсқама орындалмаған жағдайда азаматтық қорғаныс саласы бойынша Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 462-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік айыппұл салуға алып келеді. Оның санкциясы санатына (ірі, орта және шағын бизнес субъектісі) байланысты 100-ден 500 АЕК-ке дейін белгіленген. 2024 жылы Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар департаменті профилактикалық бақылау бойынша қорғаныш құрылысы бар10 объектіге (10 кәсіпкерлік субъектісі) профилактикалық бақылау жүргізіп, 131 бұзушылық анықтады. Негізгі бұзушылықтар — құлақтандыру және байланыс жүйелерінің, азаматтық қорғаныс мүліктерінің, қорғаныш құрылыстарының болмауы, мамандар мен басшылардың азаматтық қорғаныс саласында оқудан өтпеуі, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Бомбадан паналайтын орындардың 70 пайызы жекеде — ТЖМ

Kazinform агенттігі Төтенше жағдайлар министрлігіне елімізде қанша бомбапана бар екенін, олардың жай-күйін сұрап, сауал жолдады. Көп сауал сол күйі құпия қалған. 

Себебі бұл «Қызметтік пайдалану үшін» белгісі бар құжаттар тізіміне енген. Яғни шектелуге жататын қызметтік құжаттардың ведомстволық тізбесіндегі ақпарат.

Бір анығы — еліміздегі азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарының 70% жекенің қолында.

Былтыр ТЖМ аумақтық департаменттері мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, түгендеген. 

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, бомбапана екі жағдайда есептен шығарылады. 

Біріншіден, қорғаныш құрылысы өз қасиетін жойғанда, яғни, шын мәнінде қорған бола алмағанда, екіншіден, қажеттілік болмаса.

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

— «Азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарын есепке қою және есептен шығару қағидаларын бекіту туралы» Төтенше жағдайлар министрінің 2014 жылғы 30 мамырдағы № 265 бұйрығының 8 тармағына сәйкес азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарын қоршау және тірек құрылыс конструкцияларының есептік қорғау қасиеттері жойылған кезде және «Азаматтық қорғаныс объектілерін құру және пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 1357 қаулысына сәйкес осы ұйым үшін азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарына қажеттілік болмаған жағдайда есептен шығарылады. Жыл сайын қорғаныш құрылыстарын есептен шығару бойынша 5-тен аспайтын материалды қарайды. Өткен жылы 2 қорғаныш құрылысы есептен алынды, — деп жазылған жауапта.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

2020-2024 жылдар кезеңінде еліміз бойынша 272 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 20 азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылысы қайта құрылды, 35-і дайындыққа келтірілді. Ал былтыр 45 тексеру жүргізіліп, біреуі қайта құрылған. 

Төтенше жағдайлар вице-министр К. Тұрсынбаевтың жауабына сүйенсек, 2012 жылы ТЖМ мен Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі бірлесіп «Сыйымдылығы 50, 100, 200 адам арналған азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарын салу» үлгілік жобасын әзірлеп, бекіткен.

Бұл жобалар мемлекеттік сараптамадан өтті, тіпті жұмысқа пайдалануға дайын. Алайда пайдаланылып жатыр ма, жоқ па — ол жағы белгісіз.

Осы ғимараттың жертөлесінің жарымы — бомбапана. Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы құрылды — депутат

Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Марат Қойлыбаев былтыр бұл сұрақты сессия отырысында көтерді.

Кейін Ақтөбе облыстық жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы құрылды, басшысы болып Теміржан Бөлтеев тағайындалды. 

— Түрлі жағдай болып тұрады. Су тасқыны, өрт секілді табиғи және техногенді апат та айтып келмейді. Әлемдегі геосаяси жағдай да алаңдатады. Мұның бәріне дайын болу үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Осы мәселені көтердім. Президент Жарлығы бойынша жергілікті жерлерде 3 ай сайын отырыс болуы тиіс. Кем дегенде 6 айда арнайы басқармалар бас қосуы керек. Бұл дерек маған түсті, сессияда облыс басшысына айттым. Содан кейін тұтас басқарма ашылды. Дәл сол жерде оқыс оқиға болған кезде жан паналайтын жерді ұйымдастыру мәселесі қаралуы керек. Немқұрайлық танытып, «бола ма, болмай ма» деп ойланып жүретін кез емес. Біз мемлекетпіз, қам жасауымыз керек. Егер жөндеу қажет болса жөндеп, ретке келтіру — міндет. Мейлі ол жекенің қолында болса да. Үкімет бәрін өз қолына алып реттесе, «бәленше деген кәсіпкер, түгенше деген адам» деп іздеп жүрмейтіндей жүйе құрса дұрыс. Кәсіпкерлер сол жерден табыс тауып отыр, демек жұмысшыларының қауіпсіздігін де ойлауы керек. Ескісі жарамсыз болса, жаңасын сала алмаса, шығын тең бөлінетіндей жоба ұсынылса дейміз. Бәлкім салықтан жеңілдік жасалуы мүмкін. Қатаң қадағалауға алған дұрыс. Бұл үлкен елдік проблема. Оған бейжай қарауға болмайды, — дейді облыстық мәслихат депутаты Марат Қойлыбаев.

Фото: Алтынай Сағындықова /Kazinform

Бұған дейін ТЖМ бомбадан паналайтын орындардың 70 пайызы жекенің қолында екенін хабарлаған.  

Айта кетейік, елімізде паркингті «бомбадан қорғайтын орын» ретінде пайдалану нормамен бекітілді.