Жемқорлардан тәркіленген қаржыға 70-тен астам мектеп салынады
«Жемқорлардан тәркіленген қаржыға биыл елімізде 70-тен астам мектеп салынады. Бізде мектеп құжаттары мен тізімі бар. Жуырда мектеп құрылысына қаржы бөлінеді. Мектептер еліміздің барлық өңірінде салынады», - деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Министрдің нақтылауынша, жемқорлықтан жиналған қаржы жаңа мектептермен қатар құрылысы басталған мектептерге де жұмсалады.
Еске салайық, Мемлекет басшысы былтыр 1 желтоқсанда жариялаған Жолдауында: «Жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы олар сотталған соң мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс», - деп атап өткен болатын.
Жолдау жарияланған бір айдан астам уақыттан кейін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының» есепшотына 50 млрд теңге түскенін мәлім етті.
Ал биыл қаңтарда жемқорлардан тәркіленген 120 млрд теңге білім беруді қолдау қорына түсті. Ол туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеген еді.