Әкімнің айтуынша, бастапқы кезеңде жобаның аяқталуына қатысты күмән болғанымен, қазіргі таңда ЛРТ жүйесі тұрақты жұмыс істеп тұр.
— ЛРТ халықтың көңілінен шығып жатыр. Расында, әртүрлі себеппен тоқтап қалған жоба болатын. Менің өзімде де бітіре аламыз ба деген күмән болған. Жексенбі күні 100 мыңға жуық адам пайдаланды. Ал қазіргі таңда ЛРТ-мен күн сайын 60-70 мың адам қатынайды. Негізгі жүктеме таңертең 6:00–9:00 аралығы, түсте 12:00–14:00 және кешкі уақытта байқалады. Қазір ешқандай проблема жоқ, жақсы жұмыс істеп тұр. Болашақта қоғамдағы негізгі көлік түрлерінің біріне айналуы мүмкін, — деді әкім «Уәде» бағдарламасында.
Оның айтуынша, ЛРТ іске қосылғаннан кейін қаладағы көлік ағынына да әсері байқалған.
— Қабанбай батыр даңғылында 3-4 күн ішінде көлік саны 12 пайызға дейін азайды, — деді Жеңіс Қасымбек.
Әкім сондай-ақ жобаны кезең-кезеңімен кеңейту жоспарланғанын атап өтті.
— Биыл ЛРТ-ның екінші кезеңін Қосшы қаласына дейін создық. Егер осы қарқын сақталса, келесі жылдың соңына дейін Қосшыға дейін толық жеткіземіз. Қосшыдан күн сайын 20-25 мыңнан астам көлік қалаға кіреді. Сонымен қатар ЛРТ-ны Сығанақ көшесімен, Айтматов көшесіне дейін жеткіземіз. Айтматов көшесі бойымен екі бағытта жалғасады. Сондай-ақ Тұран көшесі арқылы бұрылып, ескі вокзалға дейін барады. Жалпы үш кезең толық іске асса, ЛРТ ұзындығы 100 шақырымға жетеді, — деді ол.
Сонымен қатар әкім қоғамдық көлік жүктемесінің артқанын да айтты.
— Қазір автобустармен күніне 1,2 млн адам қатынайды. Бір жарым жыл бұрын бұл көрсеткіш 800 мың болатын, яғни 400 мыңға артты. Автобустар санын көбейттік, жаңарттық, Bus Lane жүйесін енгіздік. Қазіргі жылдамдық бұрынғыдан 5-6 км/сағ жоғары. Кейбір маршруттарда автобуспен үйден жұмысқа бару машинадан жылдамырақ, — деді Жеңіс Қасымбек.
Одан бөлек, ол кептелісті азайтуға бағытталған жол картасы іске асырылып жатқанын атап өтті.
— Өткен жылы мемлекеттік органдардың жұмыс уақытын өзгерттік. Мысалы, әкімшілік және коммуналдық мекемелер 7:00–7:30-да бастайды, министрліктер 8:00–де жұмысқа кіріседі. Соның нәтижесінде таңғы 7:00–10:00 аралығында көліктер саны шамамен 10 пайызға азайды. Бұл бізге алдағы бір-екі жылға қосымша мүмкіндік беріп отыр, — деді әкім.
Айта кетейік, LRT іске қосылғаннан бері жолаушылар саны 180 мыңға жетті.
Дегенмен LRT жүйесінде жолаушылар тарапынан қауіпсіздік ережелерін бұзу жағдайлары тіркелді.
Сондай-ақ, Алатау, Алматы және Қонаев арасында LRT салынуы мүмкін екені айтылды.