Жеңіс Қасымбек менің талабыма сай келетін әкім — Президент

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің жұмысына қатысты пікір білдірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөніндегі кеңесте сөз сөйледі. Сөз арасында Президент әкім Жеңіс Қасымбектің жұмысына оң баға берді.

— Айта кету керек, әкім Жеңіс Қасымбектің бойынан менің не қалайтынымды, не талап ететінімді нақты түсінген адамды таптым, — деді Тоқаев.

Бұдан бұрын кеңес барысында Президент төраға Си Цзиньпин Астананың келбеті айтарлықтай жақсарғанын айтып, жоғары баға бергенін алға тартты.

— Елорда заманауи урбанистиканың үлгісі болуы керек. Өйткені оның мәртебесі бөлек. Бұл орайда Астанада қазірдің өзінде біршама нәтижеге қол жеткіздік. Қалалық ортаны дамытудың бірыңғай тәсілі айқындалды. Мұны биыл жазда елімізде өткен саммиттер кезінде өзге де мемлекеттер басшылары байқаған. Мысалы, төраға Си Цзиньпин қаламыздың келбеті айтарлықтай жақсарғанын айтып, жоғары бағасын берді. Бұл — әлемдік ірі державалардың басшылары Қазақстанға келгенде біздің қалаларымыздың келбетіне мән беріп қарайды деген сөз. Мұны қаперде ұстау керек, — деді ол.

Осыдан бұрын Тоқаев астанада ауызсу мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты

Сонымен қатар Президент мектеп құрылысы бойынша мемлекет-жеке меншік серіктестігін жетілдіруді тапсырды.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев елордада жол-көлік оқиғаларының көбейгеніне алаңдаушылық білдірді.

Айта кетейік, елорда әкімі Жеңіс Қасымбек БАҚ-та және әлеуметтік желілерде таралған қызметтен кететіні туралы қауесетке қатысты түсінік бергенін жазғанбыз.