Жетісу облысында жер сілкінісінен жолдарға зақым келген жоқ – Қазавтожол

АСТАНА: KAZINFORM - Жетісу облысындағы республикалық маңызы бар автожолдардағы жағдай тұрақты, деп хабарлады бүгін «ҚазАвтоЖол» мекемесі.

Фото: «БАКАД» ЖШС

Мекеменің мәліметтеріне қарағанда, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы 2026 жылғы 4 маусым күні Астана уақытымен сағат 21:19-да Жетісу облысы аумағында тіркелген сейсмикалық оқиғадан кейін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында мониторингтік және патрульдік жұмыстар ұйымдастырды.

Сейсмологиялық қызметтердің мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы Жетісу облысының Панфилов ауданында жатыр.

Жер сілкінісі өңірдегі бірқатар елді мекенде, атап айтқанда Жаркент, Сарқан, Текелі, Талдықорған, Үшарал және Үштөбе қалаларында сезілген.

Сағат 23:20-дағы жағдай бойынша республикалық автожолдардың учаскелерінде зардап шеккендер мен қаза тапқандар тіркелген жоқ. Сондай-ақ жол жабынында, көпір құрылыстарында және өзге де жол инфрақұрылым нысандарында ешқандай зақым анықталған жоқ.

-Қазіргі уақытта өңірдің жол қызметтері мониторинг жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мамандар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын, көпірлерді, су өткізу құбырларын және басқа да жасанды құрылыстарды тексеріп, тұрақты патрульдеу жүргізіп жатыр. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жағдай тұрақты. Көлік қозғалысы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Жағдайға байланысты қандай да бір өзгерістер орын алған жағдайда тұрғындар мен жол пайдаланушыларға қосымша ақпарат жедел түрде ұсынылатын болады,-делінген хабарламада.

Айта кетейік, 4 маусым күні сағат 21:22–де Алматы тұрғындары жерасты дүмпуін сезді.

Жетісу облысында жер сілкінісіне байланысты жедел желі іске қосылды.