Ішкі істер министрлігі жасөспірімдер мен жастарды қылмыстық ортаға тартудың алдын алу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Негізгі назар қауіп-қатерді ерте анықтауға, бопсалауға және қылмыстық идеологияның таралуына жол бермеуге аударылған.
Оқушылар мен студенттерді бопсалаудан қорғау бағытында да нақты шаралар қабылданды. Кәмелетке толмағандарға қатысты осындай қылмыстар жасаған төрт топтың әрекетіне тосқауыл қойылды.
Бұдан бөлек, полиция жастарды заңсыз әрекеттерге тартуға тырысатын ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы күрес жүргізіп жатыр. Жыл басынан бері мұндай топтарға қатысты 47 қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық топтардың 240-тан астам мүшесі жауапқа тартылып жатыр.
– Профилактикалық жұмыстармен қатар жастарға кері ықпал ететін адамдар мен топтардың қызметін тоқтату шаралары қабылданып жатыр. Бұл шаралар қылмыстық қауіп-қатерді уақтылы анықтауға, құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесуге және жастарды қылмыстық ықпалдан қорғауға мүмкіндік береді, – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Министрлік бұл бағыттағы жұмысты білім беру ұйымдарымен, ата-аналармен және қоғаммен бірлесіп жалғастырады. Басты мақсат – құқық бұзушылықтың алдын ала кезеңде жолын кесіп, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз орта қалыптастыру.
Осыған дейін Ішкі істер министрлігі жасөспірімдер қылмысының алдын алу жұмыстары күшейтілетіні туралы хабарлаған болатын.