ІІМ: жасөспірімдер қылмысының алдын алу күшейтіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігінде Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын іске асыру мәселелеріне арналған жедел кеңес өтті.

ІІМ: жасөспірімдер қылмысының алдын алу күшейтіледі
Фото: ІІМ

Ішкі істер министрі Мемлекет басшысы Жолдауда Қазақстан дамуының жаңа кезеңіне арналған стратегиялық міндеттерді айқындап, қоғам бірлігін, тәртіп пен жауапкершілікті нығайтудың маңыздылығын атап өткенін жеткізді. Президент бұл міндеттерді іске асыруда мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау органдарына ерекше рөл жүктеген.

— Мемлекет басшысы: «Патриот болу дегеніміз — Заңды құрметтеу, Тәртіпті сақтау, Отан игілігі үшін аянбай еңбек ету», — деп нақты атап өтті. Полиция үшін бұл ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау, — деді Ержан Саденов.

Министр полиция қызметкерлері мемлекеттік саясатты жергілікті жерлерде тікелей жүзеге асырушылар екенін айтты. Полиция қызметкерлері ірі қалалардан бастап ең шалғай ауылдарға дейін еліміздің барлық өңірінде қызмет атқарады.

Азаматтар мемлекеттік шешімдердің іс жүзінде қалай жүзеге асырылып жатқанын, әділдік пен заңдылықтың қалай қамтамасыз етілетінін, адам құқықтарының қалай қорғалатынын полицейлердің күнделікті қызметі арқылы көреді. Сондықтан әрбір қызметкер қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен ғана шектелмей, жеке үлгісі арқылы заңға құрметпен қарауды қалыптастырып, адалдықты, тәртіпті және қоғам алдындағы жауапкершілікті көрсетуге тиіс.

«Заң мен Тәртіп» қағидаты құқық қорғау органдары қызметінің ұстанымы ғана емес, әрбір азаматтың күнделікті өмірінен көрініс табуы тиіс қоғамдық мәдениеттің негізі екені атап өтілді.

Заңға бағыну мәдениетін ерте жастан қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Ведомство басшысы заңды құрметтеу, тәртіпті сақтау және өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарау қасиеттері бала кезден қалыптасуы қажеттігін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыс отбасының, мектептің, мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен күш-жігерін талап етеді. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдармен және білім беру ұйымдарымен бірлесіп, оқушылар арасында профилактикалық және тәрбие жұмыстарын күшейту, «Жас сақшы» сыныптарының желісін кеңейту, мектеп тәлімгерлері институтын дамыту тапсырылды.

Уәкілетті органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды патриоттық, спорттық және қоғамдық пайдалы бастамаларға белсенді түрде тарту қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, буллингті, зорлық-зомбылықты және оқушыларға қатысты өзге де құқыққа қайшы әрекеттерді дер кезінде анықтау әрі жолын кесу міндеттері қойылды.

Полицияның міндеті — мектеп пен отбасының орнын алмастыру емес, олармен бірлесе отырып, жас ұрпақтың бойында заңға құрмет пен құқық бұзушылықтарға төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру екені баса айтылды.

Полицияның қоғаммен өзара іс-қимылына да ерекше мән берілді. Министр азаматтардың құқық бұзушылықтарға төзбеушілік танытып, заң бұзушылықтар туралы хабарлап, полицияға көмектесуге дайын екенін жиі білдіре бастағанын атап өтті. Мұндай азаматтық ұстанымды қолдап, одан әрі дамыту қажет.

Аумақтық бөліністердің басшыларына полицияның қоғамдық көмекшілері институтын кеңейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарына волонтерлерді, жастар және қоғамдық бірлестіктерді белсенді түрде тарту тапсырылды. Бұл ретте халықпен өзара байланыс тұрақты сипатта болуы тиіс. Полиция азаматтардың өтініштеріне жауап беріп қана қоймай, олардың пікіріне құлақ асып, бастамаларын қолдауы және қауіпсіздік мәселелерін бірлесіп шешуі қажет.

Қоғамдық тәртіпті бір ғана полицияның күшімен қамтамасыз ету мүмкін емес. Ол әр адамның жеке жауапкершілігінен және азаматтардың өзара құрметінен басталады. Осы тұрғыда «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру мәселесі қаралды. Министр вандализмге, ұсақ бұзақылыққа, заңсыз жазулар салуға және қоғамдық мүлікті бүлдіруге қарсы күресті күшейтуді талап етті. Елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуы коммуналдық шаруашылықтың ғана мәселесі емес, сонымен қатар қоғамдық мәдениеттің, айналадағы адамдарға және өзгенің еңбегінің нәтижесіне құрметпен қараудың көрсеткіші екені атап өтілді. Құқық бұзушылықтардың жолын кесумен қатар, қоғам өкілдерімен бірлесіп, қоғамдық кеңістіктер мен қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру қажеттігіне баса назар аударылды.

Ел инфрақұрылымын ауқымды жаңғыртуға байланысты бірқатар міндеттер қойылды. Мемлекет басшысы айқындаған жалпыхалықтық құрылыс бағдарламасы аясында министр көшелер мен қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын күшейтуді, көші-қон бақылауын нығайтуды, жаңа елді мекендер мен тұрғын аудандардың дамуын ескере отырып, полиция қызметін ұйымдастыруды тапсырды.

Жол қозғалысы мен көлік тасымалының қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Халықаралық көлік дәліздерінің дамуына байланысты автокөлік жолдарының жай-күйіне бақылауды күшейту, жол инфрақұрылымындағы кемшіліктердің уақтылы жойылуын қамтамасыз ету міндеті қойылды. Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған заманауи техникалық құралдарды одан әрі енгізу тапсырылды.

Жаңа әуежайлардың ашылуы мен теміржол желілерінің салынуын ескере отырып, көліктегі полиция бөліністерінің жұмысына қажетті жағдайларды алдын ала қарастыру міндеттелді.

Президент Жолдауын іске асыруда цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолдануға маңызды орын берілді. Министр заманауи технологиялар полицияның жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, оның нәтижесін арттыруға, қылмыстардың алдын алуға, қатерлерге жедел ден қоюға және азаматтарды тиімдірек қорғауға мүмкіндік беруі тиіс екенін атап өтті.

Бүгінде бейнебақылау жүйелері мен басқа да цифрлық шешімдердің көмегімен көптеген қылмыс ашылып, жыл сайын жүз мыңдаған әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіледі. Бөлініс басшыларына заманауи технологияларды қолдану аясын кеңейту, жедел басқару орталықтарының жұмысын жетілдіру және қызметкерлерді смарт-бейнетіркегіштермен жабдықтау тапсырылды.

Сонымен қатар министр цифрландыруға формалды түрде қарауға жол бермеуді талап етті. Технологиялардың тиімділігін бағалаудың басты өлшемі — орнатылған құрылғылардың саны емес, адамдардың нақты қауіпсіздігі.

Цифрлық экономиканың қарқынды дамуы жағдайында интернет-алаяқтық пен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелеріне де айрықша назар аударылды. Мұндай қылмыстарды анықтау мен ашу әдістерін жетілдірумен қатар, халықты алаяқтықтың жаңа тәсілдері туралы хабардар ету, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру тапсырылды.

Кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғау мәселелері де жеке қаралды. Экономиканы дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу және инвестициялар тарту заң үстемдігін талап ететіні атап өтілді. Полиция меншік құқығын қорғауды қамтамасыз етіп, құқыққа қайшы әрекеттерге уақтылы ден қоюға және кәсіпкерлік қызметке негізсіз араласуға жол бермеуге тиіс.

Сонымен қатар ішкі істер органдары қызметкерлерінің өздеріне де ерекше талаптар қойылды. «Заң мен Тәртіп» қағидатын тек заң талаптарын мүлтіксіз сақтайтын адам ғана жүзеге асыра алатыны атап өтілді. Адалдық, әділдік, азаматтарға құрметпен қарау және жеке тәртіп әрбір полицейдің негізгі қасиеттеріне айналуы тиіс.

Кеңесті қорытындылай келе, Ержан Саденов барлық деңгейдегі басшылардан Президент қойған міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз етуді талап етті. Басты бағдар — азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықтың сенімін арттыру және қоғамда заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастыру. Қойылған міндеттердің орындалуына бөліністердің бірінші басшылары жауапты болады.

Айта кетелік Қазақстан полициясы робот-ит пен смарт-бейдж мүмкіндіктерін көрсеткен еді.