Қаладағы өзекті мәселелердің бірі – тозығы жеткен жылу құбырларын жаңарту. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл аяқталды.
- 2024 жылы Ақтау қаласында ұзындығы 11,4 шақырым магистральдық жылу құбыры ауыстырылған болатын. Ал биыл жобаның екінші кезеңі аясында 10 шақырымға жуық жылу желісі жаңартылды. Үш жылға жоспарланған жұмыстар екі жыл ішінде толық аяқталып отыр. Қазір құбырларды сумен толтыру, гидравликалық сынақ жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді қала әкімі.
Айтуынша, сынақ жұмыстары ойдағыдай өтсе, ыстық су беріле бастайды. Ал, жылудың берілу мерзімі күн райына байланысты болады. Егер жоспарлы мерзім, яғни қазанның 15-іне дейін күн суытса, мамандар жылу беру маусымын ерте бастауға да дайын.
Айта кетсек, Ақтау қаласының жылу желілерін реконструкциялауға Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінген болатын.
Күн тәртібіндегі мәселенің бірі – электр желілерінің жай-күйі. Жалпы ұзындығы 22,5 шақырым желіні жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Жобаның екінші кезеңінде тағы 23 шақырымнан астам электр желісі ауыстырылмақ.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес басталған жобаның нәтижесінде, Ақтау қаласында 25 шағын аудан тұрақты және сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етіледі, - дейді Әбілқайыр Байпақов.
Биыл шілденің аптап ыстығында қала тұрғындары электр энергиясының жиі өшуіне жаппай шағымданған еді.
Жуырда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақтау қаласының тұрғын үй құрылысы, көлік және инженерлік инфрақұрылымы, жасыл аймақтар, өндірістік және рекреациялық нысандарын дамытуға арналған Бас жоспары жаңартылды.