Жол, билет және инфрақұрылым — Үкімет туризмдегі негізгі түйткілдерді көтерді

АСТАНА. KAZINFORM — Елдегі танымал әрі шалғайдағы туристік бағыттарға көлікпен қатынаудың қиындығы туралы шағым түсіп жатыр. Әуе және теміржол билеттерінің тапшылығы мен бағасы да алаңдаушылық туғызады. Бұл мәселелерді Премьер-министр Олжас Бектенов бүгінгі Үкімет отырысында көтерді.

Фото: Pexels

— Көлік министрлігі әуе компанияларымен және «Қазақстан темір жолымен» бірлесіп, демалушылар үшін қолайлы бағамен танымал курорттық бағыттарға рейстердің және орындар санын арттыру шараларын қабылдасын, — деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр ұлттық парктерді дамыту мәселелеріне тоқталды. Экология министрлігі 10 облыста инвестициялық әлеуеті жоғары негізгі ұлттық парктерді айқындаған.

— Бұл бағытта парктерді дамытуға мүдделі инвесторлар да бар.Барлық тиісті мемлекеттік органдар басы артық бюрократиясыз, оларды тез арада жүзеге асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетсін, — деді ол.

Сонымен бірге, туристік маусымның қызған шағында қонақтар тоқтайтын орын тапшылығы айқын сезіліп отырғаны айтылды. Көптеген турист арнайы жабдықталмаған демалыс орындарын пайдалануға мәжбүр.

Өңір әкімдіктеріне шұғыл түрде шатырлар мен автоүйлерде кемпингтік демалысқа арналған тұрақтардың немесе алаңдардың тиісті инфрақұрылымын қамтамасыз етуі тапсырылды.

— Туризм саласы қарқынды дамыған елдерде демалыс сапасы жайлы қонақ үйлермен немесе әралуан туристік бағыттармен, экскурсиялық бағдарламалармен ғана емес, келушілерге күнделікті қызмет көрсететін мамандардың кәсіби деңгейімен де айқындалады. Бұл жергілікті тұрғындардың қонақжайлық қасиетіне де тікелей байланысты. Осы орайда, Туризм министрлігіне әкімдіктермен және туристік компаниялармен бірге өз жұмыстарында демалушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға баса назар аударуды тапсырамын. Дәл осы қызмет көрсету сапасы туристік саланың тартымдылығына және еліміздің беделіне тікелей әсер етеді, — деп түйіндеді Премьер-Министр.

Айта кетейік, бүгін Үкімет туризмді дамыту мәселелерін талқылады.

Бұған дейін Олжас Бектенов вандализмге қарсы бақылауды күшейтуді тапсырған еді.