Жол ережесін бұзудың 50%-ін камералар анықтайды
«Бүгінгі таңда жол ережесін бұзу фактілерін тіркейтін 17 мыңнан астам автоматты камера жұмыс істейді. Олар өз тиімділігін көрсетіп жатыр. Жол ережесін бұзудың 50% осы камералар анықтап жатыр. Ал Астана мен Шымкентте бұл көрсеткіш 70% дейін жетеді», - деді Марат Ахметжанов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Дегенмен, Ішкі істер министрі ел көлемінде камералар саны әлі де жетіспейтінін айтты.
«Мысалы Солтүстік Қазақстанда бар-жоғы 43 камера ғана бар. Павлодар (58), Қызылорда (65), Маңғыстау (70), Ақмола (82), Батыс Қазақстан (94) және Түркістан (100) облыстарында камералар саны 100-ден аспайды», - деді М. Ахметжанов.
Сонымен бірге, жалпы ел бойынша қиылыстарда 1 200 бағдаршам, 1 600 «кері санақ» таблосы, 25 мың жол белгісі және 1 млн шақырымнан астам жол таңбасын орнату қажет.
«Жол қоршаулары бойынша да жағдай мәз емес. Жалпы республика бойынша 2 млн пагондық метр қажеттілік бар. Оларды орнату жұмыстары Алматы, Жетісу облыстарында және Шымкент қаласында нашар жүріп жатыр», - деді М. Ахметжанов.
Бұған дейін спикер жыл сайын елімізде 13 мың жол-көлік оқиғасы болатынын, 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 18 мың адам жарақат алатынын айтқан еді.
Марат Ахметжанов автомектептердің оқыту сапасын сынға алды.
Сондай-ақ министр көлікті техникалық байқау операторларының жауапкершілігін күшейтуді ұсынды.