Жол инфрақұрылымы
Биыл әкімдік 43,1 шақырым жолға орташа деңгейдегі жөндеу жүргізбек. Ал күрделі жөндеу әзірге жоспарда жоқ.
Егер бюджеттен қосымша қаражат бөлінсе, қала ішінде және маңында өзге де бірқатар шаруа атқарылмақ. Олардың қатарында шоқалақтарды бітеу, жол жиектерін бекіту, жолдағы сызықтарды жаңарту, жол белгілерін жаңғырту т.б. бар.
Әбдібаевтың айтуынша, аталған жұмыстардың нәтижесінде жол сапасы жақсарып, жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейі жоғарылайды.
Газ жүргізу және сумен қамту
Қазір қаладағы 12 шағынауданның 10-ы орталықтандырылған газ жүйесіне қосылған. Ал Құйған шағынауданындағы газбен қамту жүйесінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Сонымен бірге 2025 жылы Дәулет шағынауданына дейін газ жүргізілген. Алдағы уақытта осы жерден Қайрат шағынауданына дейін газ құбырын тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Жобаны жеке компания атқармақ.
Алатаудағы барлық аудан орталықтандырылған сумен қамтылған. Дегенмен, су құбырлары халықтың 86,6%-ының үйіне жүргізілген.
Сумен қамтуды одан әрі дамыту мақсатында Жетіген, Жаңадәуір және Жаңаталап шағынаудандарында су құбырлары жаңғыртылады.
– Жаңадәуір және Жаңаталаптағы жобаларға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы берілді. Ал Жетігендегі жобаға қатысты жауапты жақында аламыз, – деді әкімнің орынбасары.
Инженерлік инфрақұрылым
Инженерлік желілерді дамыту да – баса мән берілетін бағыттардың бірі. Қалада сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін жаңғырту кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Мұндағы мақсат – коммуналдық қызметтің сапасын арттыру.
Бүгінде Жетіген, Заречный, Қоянқұс шағынаудандарында және Gate City тұрғын үй кешенінде кәріз жүйесі жұмыс істеп тұр. Кәріз желілерінің жалпы ұзындығы – 41 шақырым.
Сонымен қатар Дәулет шағынауданын сумен қамту бойынша жоба дайындалып жатыр. Жоспар бойынша, үш кәріздік сорғы стансасы салынып, 15 шақырым кәріз желісі төселмек.
Б. Әбдібаевтың сөзінше, бұл жұмыстар сумен қамту ауқымын ұлғайтып, инженерлік инфрақұрылымды берік қыла түседі. Соның арқасында тұрғын алаптарын одан әрі өркендетуге жол ашылады.
Тұрғын үй құрылысы
Алатауда тұрғын үй салу да назардан тыс қалмайды. 2025 жылы жалпы 150 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілген.
Қала әкімінің орынбасары бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын айтады. Биыл 40 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы аяқталмақ. Жаңа объектілер, негізінен, Жетіген, Қоянқұс, Ынтымақ, Жаңаарна және Жаңадәуір шағын аудандарында бой көтереді.
Салынып жатқан нысандардың басым бөлігі Gate City тұрғын үй кешені маңында шоғырланған.
Байланыс және цифрлық инфрақұрылым
Қаладағы барлық аудан бүкіл оператордың 3G және 4G стандартындағы мобильдік байланысымен қамтылған. ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Телекоммуникация комитетінің 2025-2027 жылдарға арналған жол картасына сай, мобильдік байланыс сапасын жақсарту бойынша жұмыстар толастамақ емес.
Мәселен, 2025 жылдың қазан айында Жетіген шағынауданында Теле2 операторының 5G стандартындағы базалық стансасы іске қосылды.
Одан бөлек кей шағынауданда және Алматы–Өскемен республикалық тас жолы бойында қос мақсаттағы тіректерді орнату жоспарда бар. Айта кетейік мұндай бағандарға шамдар, бейнебақылау камералары және байланыс құрылғылары орнатылады. Ал аталған жобаны жүзеге асыруға қажетті инфрақұрылым дайындалып қойған.
– Цифрлық және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту үшін тиісті жұмыстар жалғасып жатыр, – деп түйіндеді сөзін Б. Әбдібаев.
Еске салайық 2024 жылдың қаңтарында Мемлекет басшысының қаулысымен Алматы облысы Іле ауданындағы Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылып, оның атауы Алатау қаласы болып өзгертілген еді.
Сондай-ақ Парламент Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы Конституциялық заңды қабылдады.