Үкімет отырысы аяқталғаннан кейін БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады. Онда Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха, ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов, Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, КМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев тілшілер тарапынан туындайтын сауалдарға жауап береді.
Көлік министрлігінің мәліметінше, республикалық маңызы бар жолдардың 94 пайызы, облыстық және аудандық жолдардың 91пайызы талаптарға сәйкес келеді. Ал елді мекендердің көшелері бойынша бұл көрсеткіш 71 пайызды құрайды. Бұл ретте жол желісінің жай-күйі бойынша келіп түскен өтініштердің шамамен 58 пайызы жергілікті жолдарға, оның ішінде 47 пайызы елді мекендердің көшелеріне тиесілі.
Құрылыс сапасын одан әрі арттыру және автожол саласын дамыту мақсатында пайдаланылатын материалдардың бірыңғай базасы құрылып, битумды қолдану тәсілдері қайта қаралды. Құрылыс кезінде сапаны бес сатылы бақылау енгізілді. Мердігерлердің жауапкершілігі арттырылды. Сондай-ақ жобалардың басымдығын ескере отырып, жалпы сипаттағы трансферттер қаражатын жұмсау үшін жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін күшейту жоспарланған.
Үкімет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан салада әлі де проблемалар жеткілікті. Мәселен, таяуда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы іс-шарада сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдер қала және ел ішіндегі, яғни ірі немесе шағын қалалардан тысқары жолдардың сапасына баса назар аударуы керектігін айтқан болатын.
- Бұл – біздің ең осал тұсымыз, оны мойындаған жөн. Мұны ешкім шеше алмады немесе шешуге құлық танытпады. Масқара жағдай. Оны саботаж деуге болады. Заң аясында қатаң шаралар қолданамыз, - деген еді Президент.
Жалпы, Президент жолдардың сапасы мен қауіпсіздігіне үнемі көңіл аударады. Айталық, 2026 жылдың 30 маусымында Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі автокөлік жолдарының сапасын жақсарту міндетін орындау қажеттігін ескерткен-ді.
- Былтыр 13 мың шақырым автокөлік жолын жөндеу жұмысы басталды. Оның 6 мың шақырымы қолданысқа берілді. Мұндай ауқымды жұмыс ел тарихында бірінші рет жасалды. Келесі жылы автокөліктерді өткізу бекеттерін жаңғырту ісі аяқталуы керек, - деген еді Мемлекет басшысы.
Ел Үкіметінің ресми мәліметіне қарағанда, жүйелі профилактикалық жұмыстар нәтижесінде 2026 жылдың 7 айында жол-көлік оқиғаларының саны 4 пайызға, қаза тапқандар саны 16 пайызға, жарақат алғандар саны 6 пайызға азайды. Жол қозғалысы ережелерін бұзудың 8,7 млн-нан астам фактісінің жолы кесілді. Өрескел құқық бұзушылыққа жол бергені үшін 18 мың жүргізуші басқару құқығынан айырылып, 15,5 мың адам әкімшілік қамауға алынды. Автожолдарда 31 мыңнан астам автоматты тіркеу жүйесі орнатылған. Олардың көмегімен 5,7 млн бұзушылықтың жолы кесілді. Сонымен қатар көліктердің техникалық байқаудан өтуі және сақтандыру полистерінің болуы бақылауға алынды.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында цифрлық активтер саласын дамыту мәселелері қаралды. Күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің мәліметінше, бүгінге дейін KASE (қор биржасы) цифрлық платформасында биткоин фьючерсіне арналған ETF бойынша 20,5 млрд теңгеге 34 мың операция жасалды.
Үш криптоактивке арналған жаңа ETF бойынша 1 млрд теңгеге 650 операция жүзеге асты. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастайтын лицензияланған үш оператор жұмыс істей бастады. Алғашқы екі айда олардың айналымы шамамен 2 млрд теңгені құрады. Тағы бес компания лицензиялау рәсімінен өтіп жатыр.
Сонымен қатар Ұлттық банктің жанынан Цифрлық активтер және төлем жүйелері комитеті құрылады. Ол саясатты әзірлеуді, лицензиялауды, қадағалауды, талдауды және инновациялық жобаларды сүйемелдеуді біріктіреді.
Мұнан бөлек, Тимур Сүлейменов цифрлық активтер нарығын дамыту бағытында ортақ елдік нарық құру қолға алынатынын айтты.
- Ол жалпыұлттық режимнің, АХҚО мен Alatau City мүмкіндіктерін біріктіруі керек. Бұл юрисдикциялар бірін-бірі толықтыруы қажет. Дәл осы модель аясында Binance өңірлік қаржы-есеп айырысу хабы пысықталып жатыр. Жоба қазақстандық заңды тұлға құруды және бірінші санаттағы төлем ұйымының лицензиясын алуды көздейді. Хаб ТМД, Шығыс Еуропа және Азия елдеріндегі клиенттерге қызмет көрсете алады, - деді Тимур Сүлейменов.
Ал АХҚО Қаржы қызметтерін реттеу комитеті Авторизациялау және қаржы технологиялары кеңсесінің басқарушы директоры Еркеғали Еденбаевтың дерегінше, қазақстандықтар әлем бойынша 1 миллион криптоәмиянға ие.
- Бұл жасалатын операциялардың біразы шетелдік платформаларда екенін көрсетеді. Алдағы кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі — осы клиенттерді АХҚО-ға көшіру, — деді ол.
Жалпы, АХҚО-дағы цифрлық активтер қызметтері провайдерлерінің лицензияланған ортадағы операцияларының көлемі 2023 жылы 320 млн АҚШ доллары болды. Ал былтыр бұл көрсеткіш 10,5 млрд АҚШ долларына жетті. Осы жылдың бірінші жартысында операциялар көлемі 5,5 млрд АҚШ долларын құрады. Осылайша, қысқа уақыт ішінде реттелетін нарық 3 есеге өсті. Клиенттік база да айтарлықтай кеңейді. Егер 2023 жылы клиенттер саны 53 мың болса, бүгінде олардың саны 270 мың адамға жетіп, 400 пайызға артты.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсыновтың айтуынша,соңғы екі жылда цифрлық активтер саласындағы заңнама едәуір жаңартылды. 2025 жылғы қарашада цифрлық майнингке қатысты бірқатар шектеу алынды.
– Өндірілген цифрлық активтердің 75%-ын «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржалары арқылы міндетті сату талабы жойылды. Майнерлерге контейнерлік шешімдерді пайдалануға рұқсат берілді. Сондай-ақ майнерлердің тек бір ғана қызмет түрімен айналысу талабы жойылды. 2026 жылғы қаңтарда цифрлық активтердің жаңа түрлерін реттеу енгізілді. Оған цифрлық қаржылық активтер, стейблкоиндар, криптопровайдерлер және платформа операторлары кіреді. Алғашқы кезеңде нарықты реттеу міндеті шешілді. Қазір негізгі басымдық оны дамытуға беріліп отыр, - деді вице-министр.
Отырысты қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов салада атқарылған жұмыстарға тоқталып, бірқатар мәселеге назар аудартты.
- Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, цифрлық активтер нарығында бәсекеге қабілетті жағдайлар қалыптастыруы қажет. сынылып отырған шешімдер Қазақстан экономикасына капиталды қайтаруға, ішкі нарықты дамытуға және халықаралық қатысушыларды белсенді тартуға ықпал етуге тиіс. Сонымен қатар Цифрлық активтер және төлем жүйелері комитетін құру жұмыстарын жеделдету қажет, - деді Үкімет басшысы.
Оның пайымынша, цифрлық активтер индустриясын дамыту – бұл тек қаржылық реттеу мәселесі ғана емес. Аталған бағыттың негізінде заманауи технологиялар, бағдарламалық шешімдер және жоғары білікті мамандар тұр. Нарықтың дамуы ел ішінде қажетті құзыреттердің қалыптасуына ықпал етуге тиіс.
- Жасанды интеллект министрлігіне Ғылым министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, құзыреттерді дамытуға және қазақстандық технологиялық компаниялардың пайда болуына қажетті жағдайлар жасауды тапсырамын. Қазақстан цифрлық активтер айналымының алаңы ғана емес, сонымен қатар осы сала үшін өз өнімдерін әзірлеп, жоғары білікті мамандарын даярлайтын ел болуы керек, - деді ол.
Премьер-министр цифрлық қаржы құралдарын дамыту халықаралық есеп айырысу жүйесін жетілдіру бағытында жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
- Қазақстан үшін мұндай шешімдердің әлеуетін дер кезінде бағалап, осы бағытта өз құзыреттерін қалыптастыру маңызды. Ұлттық банк мүдделі тараптармен бірлесіп, осындай құралдарды халықаралық есеп айырысуларда қолдану мүмкіндігін пысықтауы қажет. Аталған тетіктер есеп айырысу жылдамдығын арттырып, қазақстандық бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ете алатын болашағы зор бағыттарды айқындауға тиіс, - деді Олжас Бектенов.