Жұмыссыз қалатын мамандар, шетелдік кадрлар: Үкімет отырысында қандай мәселелер талқыланды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысы өтіп, онда жұмысшы мамандықтар бойынша кадрлар даярлаудағы жаңа тәсілдер қарастырылды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды шолып шықтық.

Фото: ЖИ/Kazinform

Жиында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Қазақстандағы жұмыс күші және келешекте қосымша қанша маман қажет болатыны жөнінде мәлімдеме жасады.

– Бүгінде кадрлармен қамтамасыз ету экономиканың орнықты дамуының негізгі факторына айналып отыр. Басты міндет – экономиканың нақты қажеттілігі, жұмыскерлердің білігі және кадрлар даярлау жүйесі арасындағы сәйкестікті қамтамасыз ету. Осы принципке орай, жұмысшы мамандықтар бойынша кадрлар даярлаудың жаңа тәсілдері енгізіледі, – деп алдағы мақсаттарды атап өтті ол. 

Сонымен бірге қазіргі жағдайға тоқталды. Министрдің сөзінше, бүгінде елде жұмыс күшінің саны – 9,8 млн адам. Оның жұмыспен қамтылғаны – 9,4 млн кісі, яғни жұмыспен қамту деңгейі – 96%.

Асқарбек Ертаев келешекке қандай болжам бар екенін де айтты. Оның сөзінше, 2035 жылға дейін экономикаға тағы 2,9 млн кадр қажет болады. Оның ішінде жұмысшы мамандықтар бойынша керек кадрлар саны – 1,8 млн адам.

Еңбек нарығы неге өзгеріп жатыр

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Үкімет отырысында Қазақстанда сұраныс жоғары салалар және келешекте қандай мамандықтар жойылып кететіні туралы да ақпарат берді.

– Ең жоғары сұраныс өнеркәсіпте, құрылыста, ауыл шаруашылығында және IT саласында қалыптасқан. Сұранысқа ие кәсіптердің тізбесі 51-ден 174 кәсіпке дейін жаңартылып жатыр. Олар – инженерия, құрылыс, өндеу өнеркәсібі, биотехнология, жасыл және ядролық энергетика, – деді ол.

Сонымен қатар, министрдің сөзінше, технологиялар мен жасанды интеллект еңбек нарығын барынша өзгертіп жатыр. Тіпті, кейбір мамандық жойылады деп болжанып отыр. Мысал ретінде мәтінді өңдеуші, теруші, деректерді енгізу жөніндегі қызмет, корректор тәрізді мамандықтарды атауға болады.

Алдағы уақытта да кәсіптердің басым бөлігі трансформацияланады. Қызметтің мүлде жаңа бағыттары пайда болады.

– Бұл жағдайларда кадрлар даярлау жүйесі озық қарқынмен жұмыс істейді. Экономика салаларында перспективті мамандықтар алдын ала айқындалып, біліктіліктер мен білім беру бағдарламалары жедел жаңартылады, – деді Асқарбек Ертаев.

Елімізге жылына 300 мың шетелдік жұмыс істеуге келуінің себебі неде

Жыл басынан бері электрондық биржа порталында жұмыс берушілер 845 мың бос жұмыс орнын жариялаған. Соның 432 мыңы – жұмысшы мамандықтар. Қазақстан азаматтары бос орындардың 60-70%-ына орналасады да, қалған 30-40% бос жұмыс орнына адам табылмайды. Сол себепті, жұмыс берушілер шетелдерден маман тартуға мәжбүр көрінеді.

– Жыл сайын елімізге 300 мыңдай шетел азаматы жұмыс істеуге келеді. Бұл мәселе бойынша әкімдіктермен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, – деді Асқарбек Ертаев.

Министрдің мәлімдеуінше, бұл олқылықтың орнын толтыру үшін мансап орталықтарының жұмысын өзгерту үдерісі жүргізіліп жатыр. Мәселен, цифрлық жүйені енгізу іске асырылып жатқанын айтуға болады.

Ғылым министрлігінің қандай жобалары бар

Ел экономикасын дамытуға қажетті жұмысшы мамандар даярлаудағы мәселелерді шешуге Ғылым және жоғары білім министрлігі де білек сыбана кіріскен. Үкімет отырысында Саясат Нұрбек білім беру бағдарламаларына ауқымды жаңартулар енгізіліп жатқанын мәлімдеді.

Сала басшысының сөзінше, кадрлар даярлаудың озық жүйесін қалыптастыру мақсатында 20 өңірлік карта әзірленді. Оларда 2 мыңнан астам жаңа мамандық айқындалып, қолданыстағы мамандықтардың трансформациясы көрсетілген.

– Еңбек функциясының өзі өзгеріп жатыр. Энергетик IT-энергетикке, агроном цифрлық агрономға айналуда. Цифрлық егіздер және өндірістік процестерде жасанды интеллектті қолдану бойынша мамандар пайда болуда. Міндет – бұл өзгерістерді араға уақыт салмай білім беру бағдарламаларына енгізу. 2026 жылы Жаңа мамандықтар атласы негізінде 1 983 білім беру бағдарламасы жаңартылды, ал 2022 жылы небәрі 7 бағдарлама ғана болған еді, – деді министр.

Айқын мысал ретінде ол ұшқышсыз ұшу аппараттары мен жүйелерін атап өтті. Өйткені, бүгінгі таңда ұшқышсыз ұшу аппараттары ауыл шаруашылығында, геологияда, энергетикада, құрылыста, логистикада және басқа да салаларда қолданылып келеді. Бұл салада 8 жоғары оқу орнында мамандар даярланып келеді. Қазір 430 студент азаматтық авиация, аэроғарыштық инженерия, жерді қашықтықтан зондтау және ұшқышсыз аппараттарды басқару бағыттары бойынша білім алып жатыр.

Сонымен қатар, Саясат Нұрбек білім беру және өндіріс орнында тәжірибе жинауды қатар қамту шаралары жөнінде мәлімдеді.

Ғылым және жоғары білім министрінің сөзінше, дуалды оқытуға баса мән беріліп келеді. Бүгінде 76 жоғары оқу орнының 50 мың студенті 6 мың кәсіпорын базасында дуалды оқытудан өтіп жатыр.

– Мысалы, Қостанай облысының жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындары базасында («KIA Qazaqstan» ЖШС, «СарыаркаАвтоПром» ЖШС, «Агромашхолдинг KZ» АҚ және т.б.) Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің 138 студенті білім алып жатыр. Биыл 62 студент жұмысқа орналастырылды. Автомобиль жасау инжинирингі бағдарламасы Industry 4.0, жасанды интеллект және Big Data, робототехника, мехатроника, заманауи материалдар мен үнемді өндірісті қамтиды, – деді ол.

Фото: ЖИ/Kazinform

Сонымен бірге, биыл барлық жоғары оқу орнында инженерлік дайындық бойынша Work-Based Learning (жұмыс орнында оқыту) бағдарламасы кеңейтіледі.

Ал нақты өндірісті университет инфрақұрылымына қосу мысалын Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінен көруге болады.

Фото: ЖИ/Kazinform

– Оқу-өндірістік полигонында 15 оқу аймағы құрылып, кәсіптік жабдықтары бар 3 ұңғыма жұмыс істейді. Студенттер толық технологиялық циклді үйренеді. Көмірсутектерді барлау, өндіру, дайындау және тасымалдауды меңгереді, – деді министр.

Сондай-ақ, ол мұндай алаңдарды экономиканың негізгі салаларында кәсіпорындармен бірлесіп дамыту қажеттігін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Үкімет отырысында Олжас Бектенов Президенттің жоғары сенімін ақтау қажет екенін мәлімдеген еді.

Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрі Үкіметте ант берді.