ІІІ Қазақстан музейлері конгресі: елімізде реставрация ісі жанданады
АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы ҚР Ұлттық музейінде ІІІ Қазақстан музейлері конгресі басталды.

Бұл іс-шара ғылым, мәдениет және музей ісі өкілдері арасында теориялық және тәжірибелік мәліметтерді алмасуға арналған кәсіби алаң саналады. Оған Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Өзбекстан, Ресей, Түркия және Түрікменстан реставраторлары мен музей ісінің мамандары, ғылым мен мәдениет саласындағы жетекші сарапшылар мен зерттеушілер қатысып жатыр.

— Биылғы конгресіміздің тақырыбы музей экспонаттарының реставрация және консервация жұмысына арналып отыр. Мұнда өңірлік музейлердің басшыларын шақырып отырмыз, өйткені реставрация мәселесі елімізде өте өзекті. Тәжірибе мәселесіне қатысты шаралар зертханаларда өтеді. Онда өте ежелгі дәуірдің экспонаттары бар. Мысалы, қола ғасырына жататын үгітілуге шақ тұрған қылышымыз бар. Одан бөлек матадан жасалған бұйымымыз бар. Оларды тіпті біз ұстауға мүмкіндігіміз жоқ. Соларды мата, металл, ағаш мамандарына көрсетіп, қалай қалпына келтіре алатынымызды талқылаймыз. Бұл бізге зор тәжірибе болады, - деді тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық музейі директорының ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибраева.
Конгресс ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы қолдауымен өтіп жатыр және 3 күнге жалғасады. Оның аясында 5 панельдік сессия өтеді. Олар:
I панелдік сессия – «Археологиялық заттарды консервациялау және реставрациялау»;
ІI панелдік сессия – «Археологиялық заттарды консервациялау және реставрациялау әдістері» практикумы;
III панелдік сессия – «XVIII-XX ғғ. мәдени мұраны сақтау» атты семинар-тренингі;
IV панелдік сессия – «XVIII-XX ҒҒ. мәдени мұраны сақтау» тақырыбындағы шеберлік сағаттары;
V панелдік сессия – «Музей ісі және тарихи-мәдени мұра» форумы.
Аталған жиын осымен үшінші рет өтіп жатыр. 2023 жылы өткен алғашқы конгресс аясында 60-қа жуық музейден 200-ге тарта маман қатысты.
2024 жылы шара халықаралық форматқа өтіп, 12 елден 100-ден астам зерттеуші келді. «Музеология: Қазақстан – Франция» халықаралық форумы өтіп, Лувр бастаған Францияның жетекші мәдени және ғылыми мекемелері өз тәжірибелерімен бөлісті.
Айта кетейік, Қазақстан музейлерінің қорында 4,5 миллионнан астам құнды жәдігер бар.