1 энергоблок, 4 қазандық, 1 турбина: Қазақстандағы ЖЭО-ларда жоспарлы жөндеу басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінде ағымдағы жылыту маусымының өтуі және 2026 жылғы жөндеу науқанының жоспарлары бойынша республикалық селекторлық кеңес өтті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Іс-шараға «KEGOC» «QazaqGaz Aimaq», «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «Самұрық-Энерго», «ОАЭК» акционерлік қоғамдарының, «Қазақстандық коммуналдық жүйелер», «Еуразиялық топ» ЖШС басшылығы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың, аумақтық департаменттердің және өңірлердегі энергия кәсіпорындарының басшылары қатысты.
Ағымдағы жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр, тұтынушыларды жылумен жабдықтау тұрақты қамтамасыз етіліп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша электр станцияларындағы технологиялық бұзушылықтар саны 8%-ға төмендеді, температуралық графиктің сақталмау фактілері барынша азайтылды.
Комитет төрағасы Ержан Ертаев аралық қорытындыларды талдау қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін және жылыту кезеңінің оң динамикасын көрсететінін атап өтті. Сонымен қатар, жекелеген өңірлерде жедел шешімді талап ететін жүйелі мәселелердің сақталып отырғанына назар аударылды.
— Энергия көздерінде, жылу және электр желілерінде жөндеу жұмыстарын сапалы әрі уақтылы жүргізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ өңірлік штабтар аясындағы жұмысты үйлестіруді күшейту аса маңызды, — деп атап өтті ол.

Кеңес барысында Бірыңғай энергетикалық жүйенің жұмыс істеуі, газбен жабдықтау жағдайы және көмір тасымалы жөніндегі баяндамалар тыңдалды. Жүйелік оператордың бекітілген жоспарына сәйкес, ағымдағы жылы 9 энергоблокты, 55 қазандықты және 51 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған.
Бүгінгі күні жөндеу науқаны аясында бір энергоблокта, төрт қазандықта және бір турбинада жұмыстар басталды: «ЕЭК» АҚ Ақсу электр станциясының № 5 энергоблогы, Ақтау қ. МАЭК ЖЭО-2-нің № 7, Петропавл ЖЭО-ның № 6, Жезқазған ЖЭО-ның № 11 және Атырау ЖЭО-ның № 2 қазандықтары, сондай-ақ Степногорск ЖЭО-ның № 4 турбинасы. Атырау облысындағы ТШО кәсіпорнының № 6.6 турбинасына жүргізілген жөндеу жұмыстары толық аяқталды.
Жабдықтардың тозу деңгейі жоғары және тәуекелдері артқан өңірлерге ерекше назар аударылды. Басым міндеттер ретінде энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, жөндеу науқанының жеткілікті қаржыландырылуын қамтамасыз ету, жылу желілерінің сенімділігін арттыру белгіленді.

Сонымен қатар энергия кәсіпорындарының су тасқыны кезеңіне дайындығы қаралды. Көктемгі су тасқыны жағдайында энергия объектілерін қорғау және тұрақты энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету бойынша алдын алу шараларын іске асыру мәселелері талқыланды.
Кеңес қорытындысы бойынша энергия кәсіпорындарының басшылары мен жергілікті атқарушы органдарға жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету, 2026 жылғы жөндеу науқанын уақтылы әрі сапалы жүргізу, анықталған проблемаларды жою бойынша кешенді шаралар қабылдау және технологиялық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге бақылауды күшейту тапсырылды.
Осыдан бұрын хабарланғандай, Павлодар ЖЭО-1 және Ақсудағы РОК-2 жылу стансасында биыл қыста ақаулар тіркелген. Өткен жылу беру кезеңімен салыстырғанда мұнда технологиялық заң бұзушылықтар саны екі есеге артқан.