1 қаңтардан бастап Қазақстанда көшпелі цирктер мен зообақтарға тыйым салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында айтты.

– Шын мәнінде жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңнамада жабайы жануарларды көрмеге шығаруға, көшпелі зообақтарға, көшпелі океанариумдарға және сол сияқты шараларға тыйым салатын норма қарастырылған. Бұл норма 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Сондықтан менің ойымша, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап мұндай көшпелі цирктер, зообақтар және басқаларының қызметі тоқтатылады, - деді министр Үкімет үйінде.
Бұған дейін Ерлан Нысанбаев Қазақстанға Нидерландыдан жеткізілген жолбарыстардың алғашқы қысы қалай өтіп жатқанын айтып берді.
Жолбарыстарды тарихи мекеніне қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында Алматы облысында Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты құрылды.
Жолбарыстың табиғи азық қорын қайта қалпына келтіру үшін 2018-2024 жылдары резерват аумағына 205 тоғай бұғысы әкелінді, 100-ден астам құлан көшірілді, еліктер мен қабандар популяциясы көбейтілді.
Биыл күзде Іле-Балқаш резерватында арнайы торлы қоршауда өсіру үшін Нидерландыдан 2 жолбарыс әкелінді. Ал 2025 жылы Ресей Федерациясынан 3-4 жолбарыс алып келу күтілуде.