1 қыркүйекте Қазақстанда 83 жаңа мектеп ашылады
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде 267 мың орынға арналған 232 мектеп салынып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті.

- Мектеп құрылысы жұмыстарына тоқталсақ, қазіргі таңда 267 мың орынға арналған 232 мектеп салынып жатыр. 1 қыркүйекте 115 мың оқушыға арналған 83 жаңа мектеп ашылады. Жыл соңына дейін 140 мың орынға арналған 111 мектептің құрылысы аяқталады, - деді Ғ. Бейсембаев Үкімет отырысында.
Сонымен қатар биыл 190 мың оқушы оқитын 245 мектепті жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр, оның 145-і – ауыл, 100-і – қала мектебі. 1 қыркүйекте 99 мың оқушыға арналған 127 мектепте реновация аяқталады. Бұл жұмыстарды уақытылы әрі сапалы жүргізу әкімдіктердің жауапкершілігінде. Қазіргі уақытта Алматы, Атырау және Абай облыстарында жұмыстарды күшейтуді қажет етеді.
- 2025 жылы 69 мыңнан астам оқушы білім алатын 1 мың ауыл мектебін модернизациялау жоспарланған. Қазіргі кезде бұл жоспар 733 мектепте немесе 73,3%-ға орындалды. Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында модернизациялау жоспарының толық орындалмау тәуекелдері бар, - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл балабақшалар ваучерлік қаржыландыру жүйесіне өтеді.