1 шілдеден бастап тегін үйірмелер «е-ТРМК» жүйесіне көшіріледі

АСТАНА. KAZINFORM — 1 шілдеден бастап елдегі 6 өңірде «е-ТРМК» атты бірыңғай ваучер жүйесі іске қосылады. Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Майра Мелдебекова орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында жобаның артықшылықтарын айтты.

үйірмелер
Фото: Валерий Бугаев

— Бірыңғай ваучер жүйесін енгізудің пилоттық жобасы іске қосылады. Жобаны Мәдениет және ақпарат министрлігі (шығармашылық), Туризм және спорт министрлігі (спорт), Оқу-ағарту министрлігі (қосымша білім беру), сондай-ақ Цифрлық даму министрлігі (техникалық сүйемелдеу) бірлесе іске асырады, — деді Майра Мелдебекова.

Бұл әзірге пилоттық режимдегі жоба екенін айту керек. Астана, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе қалаларында сынақтан өтеді.

— Жобаның маңызды жаңалықтарының бірі — әділеттілікті қамтамасыз ететін бірыңғай кезектің енгізілуі. Енді балалар 12 санат бойынша кезекке қойылады. Олардың қатарында әлеуметтік осал топтағы және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар да бар. Басты жаңашылдық — ваучер енді ұйымға емес, балаға бекітіледі. Бұл спорт, шығармашылық және білім беру бағыттары арасында еркін ауысуға мүмкіндік береді. Яғни қаржыландыру сақталады, ал қайтадан кезекке тұру талап етілмейді, — деді вице-министр.

Бұл жерде қызмет ақысын мемлекет тек нақты көрсетілген сабаққа ғана төлейді. Сабаққа қатысу цифрлық жүйе арқылы тіркеліп, ата-ана төлемді тікелей таңдаған үйірмеге жібереді. Мұндай тәсіл артық есептілікті болдырмай, үдерісті ашық етеді деген үміт бар.

Ал үйірме балаға ұнамаса, ата-ана ешқандай құжатты қайта тапсырмай-ақ басқа ұйымды таңдай алады. Бұл ретте ваучердің күші жойылмайды.

— Біз мемлекеттік тапсырысты субъективті үлестіру тәжірибесінен бас тартамыз. Енді барлық талапқа сай ұйымдар цифрлық платформа арқылы өздері өтінім бере алады. Арнайы комиссия тексеріс жүргізіп, тізімге енгізу туралы шешім қабылдайды, — деді Майра Мелдебекова.

Пилоттық жоба халықтан түскен ұсыныстар арқылы жетілдіріліп, кейін біртіндеп бүкіл республикаға енгізілмек.

Бұған дейін тегін үйірмелер бір ваучерге біріктірілуі мүмкін екенін жазған едік

Соңғы жаңалықтар