1-сыныпта 30 мыңдай оқушы: Алматыда биыл қанша жаңа мектеп ашылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласында 7 жаңа мектептің құрылысы аяқталды, тағы 4 мектеп тамыз айының соңына дейін пайдалануға берілмек.

Бұл туралы Kazinform сауалына жауап берген Алматы қаласының білім басқармасы мәлімдеді.
– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Алматы қаласында 34 800 орынға арналған 21 мектептің құрылысы жоспарланған. 2024 жылдың қыркүйегінде 600 орынға арналған №97 мектеп пайдалануға берілді. Бүгінде 12 000 орынға арналған 7 мектептің құрылысы аяқталып, уәкілетті органдармен пайдалануға беру актілері келісіліп жатыр. 2025 жылғы 30 тамызға дейін 8 000 орынға арналған 4 мектептің құрылысын аяқтау көзделіп отыр, - делінген басқарма жауабында.
Одан бөлек Бостандық ауданында 2 500 орынға мектеп құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстарының 80%-ы орындалған, нысанды 2025 жылғы 30 қазанға дейін тапсыру жоспарланған. Ал жыл соңына дейін 11 700 орынға арналған 8 мектептің құрылысы аяқталады.
– Алатау ауданында 550 орындық мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Наурызбай ауданында 1 200 орындық жаңа мектепті жергілікті бюджет есебінен сатып алу жоспарланған. Осылайша, биыл 35 950 жаңа оқушы орны ашылады, - деп хабарлады басқармадан.
«1 300 мектепті жаңғырту» жобасының тізіміне қалада 31 мектеп кірген. Биыл оның 15-інде күрделі жөндеу жұмыстары басталады.
Білім басқармасының болжамына сәйкес, 1 қыркүйекте 26 мыңнан астам 1-сынып оқушы мектеп табалдырығын аттайды. Бірінші сыныпқа құжат қабылдау 1 сәуірде басталды және 31 тамызға дейін жалғасады. Бүгінгі күні мектептерге 18 мыңнан астам бала қабылданған. Кейінгі 5 жылда 30 мыңға жуық бала жыл сайын бірінші сыныпқа қабылданып келеді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы «Алғабас» шағын ауданында екі мектеп салынатынын жазғанбыз.