10 рет ереже бұзған өзбекстандықтар енді көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанның Ішкі істер министрлігі жол ережесін елемейтін жүргізушілерге қолданылатын жазаны қатаңдатуды ұсынды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

10 рет ереже бұзған өзбекстандықтар енді көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін
Фото: Өзбекстанның Жол қозғалысы қауіпсіздігі қызметі

Тиісінше, ведомство Өзбекстанның әкімшілік жауапкершілік туралы кодексіне түзету енгізуге бағытталған заң жобасын ашық талқылауға шығарды. Құжатқа сай, енді жүргізуші бір ай ішінде 10 рет жол ережесін бұзса, онда ол 6 айға көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін.

Атап айтқанда, бағдаршамның тыйым салу белгісін елемей өтіп кетсе, қарсы бағыттағы жолаққа түссе, жылдамдықты шекті межеден (рұқсат етілген орындарына байланысты жылдамдық сағатына 40 немесе 60 шақырым) асырса, онда ұсынылып отырған жаза қолданылады.

Сондай-ақ, бір айда жүргізуші 2 рет қарсы бағыттағы жолаққа түссе, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетсе немесе жылдамдықты 5 рет асырса, оған бір жыл бойы айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеу мүмкіндігі берілмейді.

Ішкі істер министрлігі келтірген дерекке сай, алғашқы жартыжылдықта республикада 3 286 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 894 адам қаза тапқан. Ал былтыр елде жол ережесін бұзудың 24 миллион фактісі тіркелген.

Еске салайық, бұған дейін Өзбекстанда автобус жолағына түскен көлік жүргізушілеріне айыппұл салынуы мүмкін екенін жазып едік.

Былтыр мас күйінде көлік басқарған 31,3 мың өзбекстандық әкімшілік жауапқа тартылды.

Сондай-ақ, 2024 жылы Өзбекстанда жол апатынан 2 мыңнан астам адам қаза тапты.

Бұған қоса, таяуда көлік кептелісінде ұзақ тұрған Өзбекстан президенті министрді сынға алған еді.

Соңғы жаңалықтар