100 мың студент ЖИ бойынша тереңдетілген курстарды оқиды
АСТАНА. KAZINFORM – 100 мың студент жасанды интеллект бойынша тереңдетілген курстарды оқиды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.
- Президенттің тапсырмасына сәйкес AI-Sana бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бірінші кезеңде студенттерімізге 646 мың сертификат берілді. Қазіргі таңда студенттер 229 жасанды интеллект шешімін әзірледі. Екінші кезеңде Жасанды интеллект кеңесінің мүшесі Пол Ким мырза әзірлеген әзірленген жасанды интеллект бойынша тереңдетілген курстарды 100 мың студент оқытылады. Ақпан айында іріктеу басталады, - деді министр.
Оның айтуынша, үшінші кезеңде 60 мың студент индустрияның нақты қажеттіліктеріне бағытталған өз жобаларын қалыптастырады. Төртінші кезеңде 1 500 жоба акселерациядан өтіп, жобаларын нарыққа шығару деңгейіне дейін жеткізеді.
- 2025 жылдан бастап барлық білім беру бағдарламаларына жасанды интеллектіні қолдану дағдылары енгізілді. Қазіргі таңда 95 университет оқу жоспарларына жасанды интеллектке қатысты пәндерді қосты. Сонымен қатар 30 жоғары оқу орны жасанды интеллект бойынша 42 білім беру бағдарламасын іске асыруда. Профессорлық-оқытушылар құрамының 54 пайызы жасанды интеллект бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті, - деді Саясат Нұрбек.
Айта кетейік, Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған еді.