11 айда 1 млрд 57 млн тонна жүк тасымалданды – Көлік министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 11 айда 1 млрд 764 млн жолаушы тасымалданды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров айтты.
- Осы жылдың 11 айының қорытындысында «Көлік және қоймалау» саласы бойынша нақты көлем индексі 120,3 пайыз болды. Саланың өсім қарқынына жүк тасымалының жалпы көлемінің артуы әсер етті. Атап айтқанда, жүк тасымалы 1 млрд 57 млн тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1 пайызға өсті, - деді вице-министр.
Оның мәліметінше, автомобиль көлігімен жүк тасымалы - 2,2, құбыржол көлігімен - 15,4, сондай-ақ теміржол көлігімен 7,7 пайызға артты. Барлық көлік түрі бойынша жолаушылар тасымалы 11,9 пайызға өсіп, 1 млрд 764 млн жолаушы болды. Тасымал көлемінің негізгі көрсеткіштерінің басым бөлігі бойынша өсім байқалады.
Вице-министрдің айтуынша, жүк тасымалының артуы экономиканың тау-кен металлургия кешені, мұнай-газ секторы, ауыл шаруашылығы, құрылыс және сауда сынды базалық салаларының дамуы есебінен қамтамасыз етілді.
- Аталған салалар көлік қызметтерінің негізгі тұтынушылары саналады және есепті кезеңде оң өсу динамикасын көрсетті, - деді Мақсат Қалиақпаров.
Бұған дейін қаңтар-қазан айлары аралығында Қазақстанда барлық көлік түрімен 1 591,3 млн жолаушы тасымалданғанын жазған едік.