16 шақырымға жайылған қарғын суда қайықпен адам, азық-түлік тасыдық - құтқарушы
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Сағадат Бердіғалиев үш айға жуық уақыт бірнеше ауданда құтқару, тасымалдау қызметін атқарды.

Ол әріптестерімен бірге қатынас үзілген Жайсаңбай ауылында тасымалдау қызметіне жауапты болды. Адаммен қатар екі үйір жылқыны да аман алып қалды.
Сағадат Бердіғалиев бүгін ТЖМ Шыңғыс Әріновтің қолынан «Ерлігі үшін» меделін алды. Ол тасқынға қарсы күрес жұмыстарына 27 наурыздан бастап кірісті. Алдымен Қобда ауданының орталығына барды. Онда су қоршауында қалған адамдарды, малды арғы беттен бергі бетке шығарды. Аудан орталығында 2-3 күн аялдап, кейін Жиренқопа ауылы бағытындағы бірнеше елді мекенге азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізді. Қажет кезде адамдарды тасыды. Сол ауылда 10 сәуірге дейін жүріп, оны өзге әріптестері алмастырды. Ақтөбеге келген соң оларды Ырғыз ауданына жіберді. Ол 14 сәуір күні еді.
- Онда Нұра, Мамыр, Белшер, Құйлыс ауылдарының халқын эвакуациялауға қатыстық. Алғашында тікұшаққа көмектесіп, кейін қайықпен жүрдік. Нұра ауылында суда тұрған үйлерді фотоға түсірдік, адамдарды тасымалдап, қалып қойған ит-мысықты шығардық. Содан бізді Жайсаңбай ауылына жіберді. Онда екі ай бойы көлік қатынасы болмай, азық-түлік, жанар-жағармайдың бәрі қайықпен тасымалданды. Екі үйір жылқы аралда, су ортасында қалып қойған еді. Сол аралықта шөптің бәрін жеп қойған. Тақыр аумақтан келесі жағаға айдап шығардық. 70 бас жылқы, - деді Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Сағадат Бердіғалиев.
Содан бұл топ тапжылмай екі ай бойы қызмет етті. Міндет - қайықпен тасымалдау, қатынасты қамтамасыз ету.

- Екі қайықпен тасымалдадық. Су 16 шақырым болды. Бір барып келгенде 32 шақырым жүреміз. Қайықпен бір бағытқа 1 сағат 30 минут қажет. Әрі-бері қатынас 3-4 сағатқа созылды. Бұл Жайсаңбай ауылы мен «Абзал» шаруа қожалығының арасы. Көлік Аралдан, Ырғыздан келіп, сол жерге аялдайды. Бізге жанар-жағармай, гуманитарлық көмек тасымалдайды. Ал біз судан өткіземіз. Бір қайыққа жоқ дегенде 5-6 адам отырады. Бір өткізгенде екі қайықпен 12-13 адам өткіземіз. Бір қайыққа 500 келілік жүк саламыз. Таза жүк тиегенде бір рейспен 800-900 келі жүк тасымалдаймыз. Жанар-жағармай бөгет салған жүк көліктеріне қажет болды. Ең кем дегенде 10 тонна жағармай, 20 тоннаға жуық азық-түлік тасымалдадық. Екі айда 500-600 адамды әрі-бері апарып, жеткіздік,- деді Сағадат Бердіғалиев.
Оның айтуынша, тасқын басталған кезде адамдардың бәрі қорыққан. Төтенше жағдайлар қызметкерін көрген тұрғындар оларға үмітпен қарап, «мамансың ғой, аман қаламыз ба» деген күндері болды. Ал олар күндіз-түні жұмыс істеп жатқанын, су деңгейі қалыпты екенін, егер бөгет жарылса, құм толы қаппен бірден бекітіп тастайтынын айтты, халыққа дем берді.
- Ол жерде ТЖМ-нің әскери қызметкерлері де болды. Барлығы 25 әскери, 5 өрт сөндіруші болды. Негізі адамдарды эвакуациялауға екі тікұшақ бөлінген. Жағдай ол күнге жетпеді. Ал екі қайық тоқтамай жұмыс істеді. Таңда 5-те шыққаннан кешкі сағат 22:00-23:00-де тоқтаймыз. Өзіміз төрт адам болдық. Алма-кезек шықтық. Ал әскерилер бөгетті бекітті. Көмек аса қажет болғанда олардың да қатарына қосылдық. Еріктілерді де тасымалдадық. Әу баста Жедел құтқару жасағанынан 4 адам барды. Бір адам отбасы жағдайына байланысты кері қайтты. Үш адам соңына дейін жүрдік. Бірақ бізді де ауыстырды. Онда әлі үш адам жүр,- деді ол.
Сағадат Бердіғалиев - Ойыл ауданының тумасы. Бастауыш сыныпты сонда оқып, кейін Ақтөбе қаласы М.Арынов атындағы орта мектепке ауысты. 2004 жылы мектеп бітіріп, бірден төтенше жағдайлар қызметіне жұмысқа орналасты. Биыл осы салада жүргеніне 20 жыл толды. Негізгі мамандығы судан құтқару қызметі болғанымен, құтқару жұмыстарының бәрін атқарады. Отбасылы, бес баланың әкесі.