17 тамызда Жерге жақын қашықтықтан қауіпті астероид ұшып өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 PM деп аталатын диаметрі 50 метрлік астероид 17 тамызда Жерге шамамен 384 мың шақырым қашықтыққа жақындайды. Бұл туралы Ресейдің Күн астрономиясы зертханасы (XRAS) хабарлады.

Жерге 1 миллион километрден аз қашықтықта жақындаған астероидтардың ішінде 2025 PM ең үлкендерінің бірі. Келесі ұқсас жағдай қыркүйек айында болады деп күтілуде.
2025 жылдың 1 тамызында ашылған бұл астероид Жер орбитасын кесіп өтетін «Аполлон» тобына кіреді. Оның Күнді айналып өту кезеңі екі жылдан сәл асады.
Болжамдарға сәйкес, нысан комета белгілеріне ие емес үлкен тасты дене болуы мүмкін.
Астероидтың Жердің жанынан өтуі 17 тамызда Астана уақытымен 14:03–те болады. Оның траекториясы басқа ғарыш объектісімен соқтығысқанда ғана өзгеруі мүмкін. Дегенмен, мұның ықтималдығы өте төмен. Оның орбитасын нақтылау үшін бақылаулар жалғасып жатыр.
Еске сала кетейік, Жерде 8 тамызда ең күшті магниттік дауыл болатыны жайлы жазған едік.