177 тонна өнім: Ақтөбедегі ферроқорытпа зауыты әлемдік рекорд орнатты
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Бүгін металлургтер бір пештен 177 288 келі жоғары көміртекті феррохром алды. Бұл – әлемдік рекорд. Көрсеткішті WORLD BOOK OF RECORDS (WBR) ұйымына ресми түрде тіркеп, ұжымға сертификат табысталды.

Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы №4 цехтың №43 пеші бүгін таңертең әлемдік рекорд орнатуға әзірленді. Ондаған металлургтің еңбегін WORLD BOOK OF RECORDS (WBR) ұйымының ресми өкілі бақылап тұрды. Қазақстандағы Жұмысшы мамандықтары жылы және «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның 30 жылдық мерейтойына, Металлургтер күніне арналып ұйымдастырылған шараға ұжым тыңғылықты дайындалған. Бүгін металлургтер әдеттегіден екі есе көп өнім шығарды.

- Бұл дүниежүзіндегі ең үлкен көрсеткіш. Ресми түрде тіркеуге инспекторлар келді. Зауыттағы №4 цех – дүниежүзіндегі жаңа әрі үлкен цех. Әрбір пештің қуаттылығы – 80 МВт. Сәйкесінше өндірілетін өнім көлемі де жоғары болады. Бүгін соған қол жеткіздік,- деді Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков.
Рекорд орнатуға арналған салтанатты шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қатысты.

Ол зауыт ұжымын құттықтап, бұл рекорд – қазақстандық мамандардың жоғары біліктілігі мен елдің, өңірдің орасан индустриялық әлеуетінің айқын дәлелі екенін атап өтті.
- Бүгін біз тарихи оқиғаның куәсі болдық. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты өнім өндіру көлемі бойынша әлемдік рекорд орнатты. Бірінші рет №43 пештен бір технологиялық циклде 170 тоннадан астам жоғары көміртекті феррохром өндірілді. Зауыт жұмысшылары күндіз-түні ыстық-суыққа қарамай еңбек етіп, өндірісті әлемдік деңгейге шығарды. Бұл жетістік кәсіпорынның ғана емес, бүкіл қазақстандық өнеркәсіптің халықаралық стандарттарға сай екенін және сол стандарттарды өзі орната алатынын көрсетті. Бұл – тек Ақтөбе өңірі мен зауыттың емес, бүкіл Қазақстан өнеркәсібінің әлеуетінің қуатты дәлелі», - деді облыс әкімі.

Тәуелсіз сарапшылар, WORLD BOOK OF RECORDS (WBR) өкілдері, метрологиялық қызмет және техникалық комиссия рекордты ресми тіркеді. Металл өндіру, оны салқындату, өлшеу мен рәсімдеу кезеңдері өтті.

- Біз ауыр өнеркәсіп саласындағы рекордтарды сирек тіркейміз. Сондықтан бүгінгі жетістік ерекше бағалы. Бұл оқиға тек бір зауыттың ғана емес, бүкіл Қазақстанның технологиялық беделіне қосылған үлес және елдің өнеркәсіптік әлеуетін мойындау, - деді WBR Азия және Африка елдері бойынша бас офицері Қуандық Құдайбергенов.
Айта кетейік, «Қазхром» АҚ-ы былтыр өндірісті 14%-ға арттырып, өнім көлемін 1,85 миллион тоннадан асырды.

Еске салсақ, Қазақстан экономикасы 6 айда 6,2 пайыз өсім көрсетті. Негізгі драйверлер – көлік және құрылыс салалары. Сауда жанданып, тау-кен өнеркәсібі 8,4%, өңдеу секторы 5,5%, ауыл шаруашылығы 3,7% өсіп отыр.