18 мамырдан елордада жұмысын бастайтын нысандар белгілі болды

«18 мамырдан қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысына рұқсат етіледі. Бұл ретте 50 орынға дейінгі жобалық көлемдегі дәмханалар, мейрамханалар қамтылады, сондай-ақ даладағы жазғы дәмханалар ескеріледі. Мұнымен қоса, балабақшалардағы кезекші топтардың, жеке сабақтар үшін балалардың коррекциялық кабинеттерінің жұмысы қарастырылған», - деді Д. Пралиева онлайн баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашу қарастырылып жатыр.
Жанна Пралиеваның атап өтуінше, коронавирустың таралуының деңгейі бес пайыздан аспайтын көрсеткіште сақталса ғана аталған нысандар жұмысын бастай алады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 18 мамырдан бастап меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі барлық білім беру мекемелері кезекші топ режимінде жұмыстарын бастауға дайын.
Сонымен қатар, арнайы ұйымдар, психологиялық-медициналық әрі педагогикалық консультациялар, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері, оңалту орталықтары 18 мамырдан жұмысын бастауды жоспарлап отыр.