18 жастағы қыз жұмбақ жағдайда жоғалып кетті

Редакцияға хабарласқан бойжеткеннің туысқандары қыздарының жоғалғаны туралы хабарлауды өтінді.
Әріп Назерке соңғы рет Тұздыбастау ауылындағы үйінен 10 шілде күні түскі 14:00-15:00 шамасында шығып кеткен. Содан үйіне қайтып оралмаған.
Қазіргі таңда Медеу аудандық ІІБ Әріп Назеркеге іздеу жариялады.
Телефон қоңыраулары детализациясының мәліметтері бойынша Назерке соңғы рет Гурилев 27 мекенжайында 40 минуттай отырған. Кейін түнгі 23:00 шамасында Айша бибі 356 мекенжайында болған.
Аталған мекенжайда шағын дәмхана мен автожуу орны бары анықталды.
Соңғы рет Назеркені түнгі 12:00 мен 1:00 шамасында дәмхана қызметкерлері көрген. Олардың айтуынша, қыз жылаған күйі жол бойына жүгіріп шыққан. Содан бері ешкімнің көзіне түспеді.
Жақындары Назеркенің неліктен хабарласпай жатқанына дал болып отыр. Ол биыл мектеп бітіріп, ҰБТ-дан жақсы балл жинаған. Бойжеткен қалаған оқуыма түсемін деп ұмтылып отырған.
«Үйде ешқандай ұрыс-керіс дау жанжал болған жоқ. Тіпті ұрысқан күннің өзінде міне үшінші күн қатарынан жоғалып отыр. Хабарласатын еді ғой. Достары түгел іздесіп жатыр. Жаман әдеттері жоқ. Мүлде бейхабармыз. Оны көрген-білген адам болса хабарлассыншы, өтінеміз», - деді әпкесі Дана Рақым.
Қазіргі таңда Назеркені іздеу жұмыстарымен Медеу аудандық ІІБ айналысып жатыр.
Ал отбасы мүшелері мен туысқандары, жанашыр адамдар Айша бибі көшесінің маңындағы тау-тас, өзен-көлдердің арасын тінтіп жатыр.