2 ай уақыт бар: азаматтар қалаған емханаға тіркеле алады

АСТАНА. KAZINFORM – 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін елде медициналық ұйымдарға тіркеу науқаны өтеді. Бұл туралы Ұлттық ақпараттық технологиялар баспасөз қызметіхабарлады. 

2 ай уақыт бар: азаматтар поликлиникасын ауыстырына болады
Фото: Алматы әкімдігі

— Осы кезеңде азаматтар өз емханасын ауыстыруға мүмкіндік алады. Бұл рәсімді толықтай онлайн режимде — eGov.kz порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы, медициналық ұйымға бармай-ақ орындауға болады.

Қызмет емханаға тіркеліп, учаскелік дәрігерді таңдауға мүмкіндік береді. Таңдалған дәрігерге сәйкес медициналық қызмет көрсету аумағы жүйеде автоматты түрде көрсетіледі. Науқан қорытындылары келесі күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Алдыңғы ұйымнан тіркеуден шығару жаңа өтінім расталғаннан кейін автоматты түрде жүзеге асырылады, — делінген хабарламада.

Науқаннан тыс уақытта да емхананы ауыстыруға болады. Бұл басқа елді мекенге қоныс аударғанда, жұмыс немесе оқу орнын ауыстырғанда, сондай-ақ емхана қайта ұйымдастырылған немесе жабылған жағдайда мүмкін. Мұндай жағдайда қызметті жылына бір рет қолдануға болады.

Қызметті eGov.kz порталында пайдалану үшін:

  • eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Денсаулық сақтау» бөлімін ашу қажет;
  • «Поликлиникаға тіркелу» қызметін таңдап, қажетті өрістерді толтыру қажет;
  • өтінімге қолжетімді қол қою әдістерінің бірімен қол қою қажет;
  • «Көрсетілген қызметтер тарихы» бөлімінде белгіленген уақыт ішінде өтінімді өңдеу туралы хабарламамен танысуға болады.

Қызметті eGov Mobile қосымшасында пайдалану үшін:

  • eGov Mobile қосымшасында авторизациядан өтіп, «eGov мемлекеттік қызметтері» — «Денсаулық сақтау» бөліміне өту қажет;
  • «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға бекіту» қызметін таңдап, қажетті деректерді енгізу қажет;
  • қызметті қолжетімді қол қою әдістерінің бірімен растау қажет;
  • өтінімнің өңделу мәртебесін «Қызметтер тарихы» бөлімінен қадағалауға болады.

Қызметтің жоғары сұранысқа ие екенін статистика да дәлелдейді. 2024 жылы тіркелу қызметін 3,6 млн-нан астам рет пайдаланды: олардың 2 905 013-і eGov.kz порталында, 722 198-і eGov Mobile қосымшасында рәсімделді. 2025 жылы (шілде айына дейін) портал арқылы 1 135 628, ал мобильді қосымша арқылы 1 046 354 өтінім қабылданды.

Әдеттегідей ең жоғары белсенділік науқан кезеңінде байқалады. Мәселен, 2024 жылы қыркүйекте — 495 мың, қазанда — 502 мың, қарашада — 159 мың өтінім тіркелген.

Еске саламыз, қызмет арқылы кәмелетке толмаған балаларды және 18 жастан асқан әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтарды олардың қамқоршылары онлайн түрде поликлиникаға тіркей алады.

Еске салсақ Қазақстанда дәрігерлер тапшылығы 19%-ға қысқарған еді

Соңғы жаңалықтар