2 млрд теңге жымқырған: Cот сараптамалары орталығы басшыларының үстінен іс қозғалды

АСТАНА. KAZINFORM — ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Сот сараптамалары орталығының лауазымды тұлғалары мен мердігер ұйым басшысына қатысты 2 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу ісін тіркеді.

2 млрд теңге жымқырған: сот сараптамалары орталығы басшыларының үстінен іс қозғалды
Фото: almaty.tv

— 2023–2025 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында сот-сараптама органдарын материалдық-техникалық жабдықтау мақсатында республикалық бюджеттен 10,3 млрд теңге бөлінді. Алайда, 2023–2024 жылдары Сот сараптамалары орталығының лауазымды тұлғалары мүдделі топпен алдын-ала келісіп, бюджет өтінімін қалыптастыру кезінде жалған коммерциялық ұсыныстар ұсыну арқылы жабдықтың құнын үш есе арттырған, — делінген ҚМА хабарламасында.

Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланбай тұрып, техникалық сипаттамаларда тек өздері танитын компаниялар ғана ұсына алатын жабдықтар көрсетілген.

— Мүлікті тәркілеу мақсатында жалпы құны 148 млн теңгеден асатын Алматы қаласындағы 2 жер телімі, Астана қаласындағы пәтер және BMW Х6 мен RAV 4 автокөліктеріне тыйым салынды. Сонымен қатар, банк есепшоттарындағы 1,6 миллиард теңге, 367 мың АҚШ доллары және 366 мың еуро сомасындағы компанияның ақша қаражаты бұғатталды, — деп жазды ҚМА баспасөз қызметі. 

Құқықтық сараптама орталығының директоры, мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысы және ЖШС басшысы ұсталып, сот оларды 2 айға қамауда ұстау жөнінде шешім қабылдады.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Бұған дейін хабарланғандай, Ақтау әкімінің экс-орынбасары Қазақстанға жеткізіліп, Шымкенттегі тергеу изоляторына қамалды.

Соңғы жаңалықтар