20 мың гектарға жуық: Ақтөбеде жайылым жер тапшы
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Облыста Алға және Мәртөк аудандарында жайылым тапшылығы тіркелді. Екі жыл бұрын 90 мың гектардан асса, бүгінде 20 мыңға жуықтайды.
Ақтөбе облыстық жер қатынастары басқармасының хабарлауынша, Алға ауданында 15 мың гектар жайылым тапшылығы мәселесі жойылған. Ал Мәртөк ауданында жайылым тапшылығы 27,1 мың гектарға азайды.
- Жайылым тапшылығы мәселесін қайтарылған жер есебінен одан әрі азайту үшін ауылдық елді мекендер аумағында жер-шаруашылық орналастыру жобалары әзірленіп жатыр. Сонымен қатар жайылымды тиімді пайдалану және олардың жағдайын жақсарту мақсатында қала және аудан әкімдіктерінің жер қатынастары бөлімдері 5 жылдық жайылымдарды басқару жоспарын әзірлеп, бекітті. Бүгінде Ақтөбе қаласы мен облыстың барлық ауданында жайылымды басқару жоспары бар,- деді Kazinform сауалына Ақтөбе облыстық жер қатынастары басқармасы.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2024 жылы жайылым тапшылығы 97 мың гектарды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 18,9 мың гектарға қысқарған. Сонымен бірге төрт жыл ішінде мемлекет меншігіне 1 млн 256 мың гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылды. Оның ішінде биыл 120,9 мың гектар жер жекеден мемлекет меншігіне өтті.
Айта кетейік, елімізде жайылым тапшылығы 3,5 млн гектарға қысқарды. Бұл туралы Астанада Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен ведомство алқасының отырысында мәлім болды.