200-ден астам қазақстандық педагог шетелде тағылымдамадан өтіп жатыр
200-ден астам қазақстандық педагог «Білім беру» және «Педагогика» бағыттары бойынша «Болашақ» бағдарламасымен шет елдерде тағылымдамадан өтіп жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарымен кездесуде айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Сапалы білім берудің негізі — мұғалімдердің әлеуетін үздіксіз арттыру. Осыған орай педагогтерді кәсіби дамыту жүйесі түбегейлі өзгеріп жатыр. Биыл 142 мың педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтуде. Негізгі назар ауыл педагогтеріне бағытталған. Олардың үлесі 70%-ды құрайды», — деп атап өтті Ғани Бейсембаев.
Ведомство басшысының айтуынша, бірінші басшылардың кәсіби әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында мыңға жуық балабақша меңгерушісі, мектеп және колледж директорлары ротацияланды.
«Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісі бойынша «Білім берудегі өзгерістің 1 000 көшбасшысы» іріктеліп, пилоттық режимде даярлаудан өтіп жатыр. Осылайша, 2024 жылдан бастап жыл сайын жаңа форматтағы басшылардың кадрлық резерві толықтырылады. Колледждердегі менеджмент жүйесін жақсарту үшін осындай кадрлық резервті жасақтау жұмыстары орта кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында да қолға алынбақ», — деді министр.
Сондай-ақ үздік білім беру ұйымдарының басшыларын «Болашақ» бағдарламасы бойынша 3-6 айлық курсқа шетелдік стажировкаға жіберу жұмыстары жалғасады.