2010 жылы Ақтөбе облысында өнеркәсіптік кәсіпорын жұмысшыларының еңбек жағдайы жақсарды

АҚТӨБЕ. 21 қаңтар. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - 2010 жылы Ақтөбе облысының өнеркәсіптік кәсіпорындарында, оның ішінде шетелдік кәсіпорындарда жұмысшылардың еңбек жағдайы,
None
None

тұратын жерлері және тамақтарының сапасы жақсарды, деп хабарлады Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің облыстық департаментінен.

Департаменттің бөлім бастығы Алмагүл Айтқұлованың айтуынша, былтыр вахталық кенттерде жаңа жатақханалар мен асханалар, санитарлық-тұрмыстық жайлар салынды, жаңа технологиялық жабдықтар сатып алынды.

Еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыс орындары ведомстволық зертханалық бақылаумен қамтылды. «Жүргізілген зерттеулердің нәтижесі, өндірістік ортадағы ауаның құрамындағы зиянды заттардың салмақ үлесі, алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,5 есеге азайғанын, ал жұмыс орындарындағы шудың көрсеткіші 1,6 есеге төмендеп, жарықтандыру жағдайлары едәуір өскенін көрсетіп отыр», - деді маман.

Сондай-ақ зиянды жұмыс жағдайында жұмыс істейтін жұмысшылардың саны 1,3 есеге азайған.

Жалпы алғанда, аймақтың өнеркәсіптік кәсіпорындарында 42 886 адам жұмыс істесе, оның 31 мыңы зиянды, жайсыз еңбек жағдайында жұмыс істейді және олардың 72,1 пайызын әйелдер құрайды.

Облыстың санитарлық қызметі өткен жылы өнеркәсіптік нысандарда анықталған заңбұзушылықтар үшін 21 миллион теңге соманың 161 айыппұлын салды, кемшіліктерді жою туралы 172 санитарлық шешім қабылдады, 2 нысанның жұмысын тоқтатты.

Соңғы жаңалықтар