14:46, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
2011 жылға дейін Астанада 26 шақырымдық кіші айналма жол салынатын болады
АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - «2011 жылға дейін Астанада Сарайшық, Он екінші, Он төртінші, Бейсекова көшелерін басып өтетін ұзындығы 26 шақырымдық кіші айналма жол салынатын болады»,

- деді бүгін астаналықтар алдында есеп берген қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов. И.Тасмағамбетовтың айтуынша, бұл мақсатта қала әкімдігінде арнайы көлік стратегиясы әзірленді. Кіші айналма жол салу арқылы қаланың орталық бөліктерінде көлікті өткізу мүмкіндігін жоғарылату көзделіп отыр. Аталмыш көшелерді өзара байланыстыру үшін олардың арасына 13 жолайырығы салынатын болады. «Көлік стратегиясын жүзеге асыру мақсатында 2008 жылы 2 жолайырығы мен Есіл өзені арқылы өтетін көпір салынды. Сонымен қатар барлығы 274 шақырым жол төселіп, жөнделді», - деді ол. Сондай-ақ елорда әкімі қаланың энергетикалық тапшылығын болдырмау мақсатында да елеулі жұмыстар атқарылып жатқанын атап көрсетіп, бұл мақсатқа өткен төрт жылда республикалық бюджеттен 48 миллиард теңге бөлінгендігін, оның 14,5 миллиарды 2008 жылы игерілгенін жеткізді. «Астана қаласындағы энергокешенді дамытуға бөлінген 14,5 млрд. теңгеге ЖЭО-1 және ЖЭО-2-нің энергетикалық қуаттылығын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Мәселен, ЖЭО-2-ге жаңа турбина мен қазандық орнатылып, олар іске қосылды. Оның қуаты 1370 Гкал және 360 МВт-қа артты. Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған төрт қосалқы стансы жаңартылып, «Заречная-Новая», «Жұлдыз», «Олимпиялық» жаңа қосалқы стансылардың, 6 шақырымға созылған кабелді арна мен 9 шақырымнан астам магистральді жылу жүйелерінің құрылысы аяқталды», - деді қала басшысы.