2012 жыл Павлодар облысының жетекші индустриялды өңір ретіндегі қуатын паш етті

«Оған дәлел ретінде 1,2 трлн. теңгеден асып жығылған өнеркәсіп өндірісінің өсімін келтіруімізге әбден болады. Нәтижесінде елдегі өнеркәсіп өндірісінде Павлодар облысының үлесі 2011 жылғы 6 пайыздан өткен жылы 7,2 пайызға артты», - деді әкім.
Ерлан Арын мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының өңірде іске асырылуы жөнінде айтып берді. Айта кетейік, аталмыш бағдарлама бойынша жалпы инвестиция көлемі 1 трлн. 356 млрд. теңгеге 187 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. олардың іске асырылуы 15 556 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
2012 жылы инвестиция көлемі 63,9 млрд. теңгені құрайтын 36 жоба іске қосылды, сол арқылы 1425 жұмыс орны құрылды.
Негізгі капиталға тартылған инвестиция өсімі 118,5 пайызды (258,7 млрд. теңге) құрады.
Өңірде сондай-ақ «Жұмыспен қамту-2020», «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламалары жүзеге асырылуда.
«Біздің өңір баспананы пайдалануға беру қарқыны бойынша республикада бірінші орында тұр», - деді Е. Арын.
Әкімнің есеп беруі облыстық телеарна және бейнеконференция байланысы арқылы таратылды, соның арқасында тұрғындардың басым дені өңір басшысына өз сұрақтарын қойып үлгерді. Кездесу екі жарым сағаттан аса уақытқа созылды.